Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Нұрсадық Ергешбектің күйеу баласына қатысты күмәнді жазба желіге тарады, - деп хабарлайды no-comment.kz.
Белгілі журналист, әлеуметтік желі белсендісі, Шымкент қаласы бойынша Арнайы мониторингтік топ жетекшісі Әсет Әссәнди Facebook желісіндегі өз парақшасына Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары Нұрсадық Ергешбектің праймеризге қатысып жатқан күйеу баласы жайлы жазба жүктеді. Ол жазбада Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша партияішілік сайлауға түскендердің тізіміне енгізілген Нұрхан Сұлтахановтың ауыр қылмысқа қатысы бар-жоқтығы жайында жазылған.
«Сонымен, атынан ат үркитін Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсадық Ергешбектің күйеу баласы Нұрхан Сұлтаханов наурыз айының 20-шы жұлдызында әйелінің танысы Н.Т.-ны соққыға жығып, денесіне темекі шоғын басып күйдіріп, қалтасынан IPhone-6 ұялы телефонын, автокөлігінің кілтін, жеке куәлігін алып, тонағанына еш қатысы жоқ. Бірақ, тиісті жеріне қоңырау шалмады, тиісті лауазым иелеріне айтып қоймады, тиісті жеріне тоқтау жасамады деп айта алмаймыз...», - дейді Ә.Әссәнди өз жазбасында.
Сондай-ақ, жәбірленуші тараптың «Сол күні кезекшілікте болған Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеушісі Б.Жахангер Н.Т.-ның оқиғадан кейінгі жай-күйін пайдаланып, арызды бұрмалап өзі жазып, оқытпай қол қойдырып, ауыр санаттағы бұзақылық пен тонау қылмыстарын есептен қасақана жасырып, жеңіл қылмысты тіркеуге алумен шектелді» – деген сөзін де келтіре кеткен.
Және де жазба соңында: «"Неге?" деген заңды сұрақ туады. "Мықтының арты диірмен тартып кеткен" жоқ па екен дәл осы жерде?..» - деген күмәнді сұрақ қойылған.
Оған қоса, аталған жазбаның астына желі қолданушылары « ...мына тірлігі депутат түгілі праймеризден итпен қуылуы керек қой...», «Әсеке қазір осындайлардың заманы болды ғой, қалтада ақша бар не істейді, әрине қылмыс жасайды» - деп пікір қалдырған.
Депутаттыққа үміткер болған Нұрсадық Ергешбектің күйеу баласы қылмыскер ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді және тиісті органдар анықтай жатар.
No-comment.kz