Негізгі күн көрісі агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданы шаруаларының көктемгі дала жұмыстарына қажетті мөлшердегі жанар жағар май көлемі жеткілікті.
Өткен жылдың тиісті мерзімінде 7020 тонна дизель отынын пайдаланған жетісайлық шаруаларға ақпан айына 2080 тонна, наурыз айына 2600 тонна, сәуір айына 1430 тонна, мамыр айына 910 тонна жанар жағар май бөлініп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына сәйкес бекітілген. Шаруаларға «JOL YRYSY» ЖШС, «Әуезов» ЖК, «РосАзияНефть» ЖШС, «TS Нефтьпродукт» ЖШС арқылы талон жүйесімен 206 теңгеден босатылуда.
Сонымен қатар, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин Жетісай ауданы аумағында орналасқан 45 авто жанар жағар май бекеттерінің 31-інде 190-198 теңге аралығында, ал, АИ-95 және АИ-96 маркалы бензин 205-215 теңге аралығында еркін сатылуда.
Жетісай ауданы аумағында аудан әкімінің тапсырмасымен жанар-жағармай бекеттеріндегі шекті бағаларды бақылау бойынша барлық қала, кент, ауылдық округтерде арнайы құрылған мобилді топтар тарапынан меншік иелеріне шекті бағадан асып кеткен жағдайда әкімшілік шаралар қарастырылатыны ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген дизель отындарын алуы үшін шаруалар жергілікті жерлердегі әкімдіктерге барып, тиісті құжаттарын көрсетуі арқылы қажетті мөлшердегі жанар жағар майды талон арқылы ала алады.
«Былтырғы жылы да дизель отынын алудан ешқандай кедергі болған жоқ, округ әкімдігінен берген талонмен өзімізге қажетті мөлшерді алдық. Биыл да дәл солай болып тұр. Талонмен келіп құжаттарымызды көрсетіп, өзімізге тиесілісін алып жатырмыз» дейді Жылы су ауылдық округінің шаруасы Роман Пак.
Айта кетейік, ҚР Энергетика Министрінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі №140 «Бағаны мемлекеттік реттеу бойынша мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» Бұйрығына сәйкес стационарлық жанармай құю станциялары арқылы мұнай өнімдерін, атап айтқанда АИ-80 маркалы бензиннің литрі 89 теңге, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин литрі 205 теңге, дизель отыны жазғы және маусымаралық кезеңдерде литрі 450 теңге, егер ҚР жүргізуші куәлігін көрсеткен жағдайда 100 литрге дейінгі мөлшерде литріне 295 теңге, ҚР жүк көліктері мен мамандандырылған жеңіл автокөліктерге және автобустарға жүргізуші куәлігі мен қөліктің тіркеу куәлігін көрсеткен жағдайда литріне 295 теңге болып бекітілген.