Бүгін Шымкентте Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған салтанатты іс шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов пен мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің ұрпақтары қатысып, "Даңқ" мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шарада әскери үрмелі аспаптар оркестрі тақырыптық марштар орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қонақтар «Майдан даласы» алаңына бет алып, Ұлы Отан соғысы және тыл еңбеккерлеріне арналған әскери өмірден театрландырылған көріністерді тамашалады. Қанды соғыс жылдарын бейнелеген қойылымдар көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады. Қонақтарға майдандағыдай «дала ботқасы» ұсынылды. Өнерпаздар зұлмат кезеңді тақырыпқа арқау еткен “Катюша”, “Ана туралы баллада”, “Жеңіс күні”, “Кестелі орамал” әндерін әуелете шырқады.
Айта кетейік, Ұлы Отан соғысына Шымкенттен 23 мыңнан астам азамат аттанды. Қазіргі таңда қалада 3 ардагер 2 мыңнан аса тыл ардагері тұрады.
9 мамыр - Ұлы жеңіс күні! Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақжолтай күн... Бұл күн-сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні. Бұл күн-әділеттің әділетсіздікті жеңген күні. Бұл күн-бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күні.
Бұл күн - қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиған боздақтарды еске алу күні... Үйіне, отбасына, ата-анасына оралмаған аталарымыз бен ағаларымызды, әпкелерімізді сарыла күткен сағыныш күні...
Елімізде екінші дүниежүзілік соғысының 222 ардагері бар.
Соғысқа шақыртылғандар – 1,2 млн.
Қаза тапқандар – 600 мың.
Орден, медаль алғандар – 100 мың.
Кеңес одағының батыры атанғандар – 500.
Екі мәрте кеңес одағының батыры атанғандар – 4.
ІІІ дәрежелі даңқ орденімен марапатталғандар - 110.