Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Сайрам ауданында көп балалы аналар ардақталды.
Бүгін аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 наурыздағы Жарлығына сәйкес 91 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары тапсырылды. Олардың ішінде 20 ана «Алтын алқа» және 71 ана «Күміс алқа» иегерлері атанды.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Хасанов алтын құрсақты аналарды құттықтап, ақ тілегін білдірді.
- Ана - өмірдің бастауы. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Әр ана перзенттеріне аналық мейірім мен махаббатын сыйлап, ақыл-кеңесін беріп, ізгітікке тәрбиелейді. Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы аялап өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең ізгі қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Ана барлығымыз үшін қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Себебі, адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Сондықтан, ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік деуге болады.
Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген батыр аналарымыздың саны жыл сайын артуда. Аналардың көпшілігі түрлі салада қызмет етіп жүр. Сондықтан, анаға деген көрсететін құрметіміз ерекше.
Қоғамда ана мен баланы қорғау мәселесіне ерекше мән беріледі. Мемлекет тарапынан көп балалы аналарымызға барынша қолдау көрсетілуде. Сіздер ұрпақ өсірумен қатар, елдің болашағына қызмет атқаратын тәрбиелі де білімді жастардың қалыптастыру жолында жұмсаған еңбектеріңіз өлшеусіз.
Осы орайда, ауданның дамуына қосып отырған елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.
Дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға баянды бақыт пен амандық тілеймін. Отбасыларыңыздың ұйытқысы болып, ақ жаулықты әже атаныңыздар!
Марапаттау рәсімінде егіз тапқан, 34 жастағы манкенттік Мирзакулова Дилфуза Махаммаджановна, сондай-ақ 1984 жылы туған қарасулық Матова Сәния Тұрабекқызы және манкенттік Эргешова Чарос Моминхановналар ең жас «Алтын алқа» иегері атанды.
Ал, «Күміс алқа» алқасы табысталғандардың ішінде ең жас аналар 1993 жылы туған қайнарбұлақтық Орманова Балжан Асанханқызы және ақсукенттік Танғатарова Фариза Ғабиденқызы, одан кейін егіз балаларын өсіріп отырған 1988 жылғы ақсукенттік Муратова Ляйсан Рашитовналар болды.
Іс-шара соңында қуанышқа бөленген аналар қауымы өз ризашылықтарын жеткізді.
Айта кетелік, ауданда 12017 жуық көп балалы ана бар. Олардың 144-і «Батыр аналар», 956-ы «Алтын алқа», 3034-і «Күміс алқа» иегері. Ал, 402 ана І және ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.