Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев шалғай ауылдарға барып, ондағы жұмыстармен танысты. Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылдық округіне қарасты Байғабыл елді мекенінде болып, жайылым жер мәселесі бойынша жергілікті тұрғындардың мәселесін тыңдады.
Сонымен қатар, аудан басшысы Жәнібек Есенұлы шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан залалсыздандыру жұмыстарымен танысып, жұмысты ширатуға тапсырма жүктеді.
- Шегірткелердің таралу ошағын толық анықтап, жерді химиялық өңдеу жұмыстарын тездетіп аяқтау қажет. Марокко шегірткесіне қарсы күресте бір сәт босаңсуға болмайды. Бұл зиянкестің зардабын жергілікті шаруалар тартпауы қажет, - деді Жәнібек Ағыбаев.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде көктемгі дала жұмыстары, диқандарға қолдау көрсету шаралары, Марокко шегірткесіне қарсы күрес күшейтілді.Келес ауданында шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау және оларды жоюға тиісті іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі штаб құрылған. Келес ауданы бойынша 1 770 гектар алқаптың 1 575 гектары 2 жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен өңделуде.