Бүгін аудан әкімдігінде жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдау өтті.
Қабылдауға келген ақсукенттік көп балалы ана Тюлебаева Алтынай отбасын тұрғын үймен қамту және атаулы әлеуметтік көмек беруді сұранды. Өтінішіне сәйкес, алдағы уақытта аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж тұрғын ретінде заңда белгіленген тәртіппен және кезегімен беріледі. Алайда, көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыстары үшін бюджеттерден қаржы қарауды қажет етеді. Биылғы жылдың мамыр айында атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша төлемге жіберілген.
Келесі кезекте Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындары А.Керімбеков және С.Абылаевтар мектеп ғимараттарын және Сиқым ауылына спорт кешенін салуды өтінді. Бөкейхан атындағы жалпы орта мектебінде бала саны жобаның қуаттылығынан артуына байланысты мектепке қосымша 300 орындық оқу корпусы, асхана, шеберхана, спорт залы құрылысының жобалық сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Мектеп құрылысын жүргізу үшін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының қарауына ұсынылған. Ал, №47 Амангелді атындағы жалпы орта мектеп ғимараты және жылу қазандығының тозығы жетуіне байланысты Бала саны мектептің жобалық қуатынан аспауы себебінен жаңа мектеп салуды қажет етпейді. Сондай-ақ, өзекті болып отырған жылыту жүйесінің қазандығын ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, облыстық салалық басқармаға жолданылған. Сонымен қатар, ауылдық округі әкімшілігі тарапынан спорт кешенің құрылысы үшін арнайы жер телімі қарастырылып, тиісті құжаттар рәсімделіп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің меншігіне өткізілуі тиіс.
Кейінгі кезекте Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек Датқа ауылының тұрғыны Ж.Дусанова ерінің І топ мүгедегіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету және тұрғын үйін газ жүйесімен қамтамасыз ету сұраныстарын жеткізді. Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, өткен жылы ортопедиялық аяқ киім, бөлмелік және электр жетегі бар әмбебап қоларбалармен қамтылған. Ерінің иелігіндегі пәтеріне ауылдық округінің әкімшілігі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе жөндеу жұмыстары ұйымдастырылады. Тұрғын тұрып жатқан коммуналдық меншіктегі екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді табиғи газға қосу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс монтаждау жұмыстары толық аяқталды. Орындаушы техникалық құжаттарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалына өткізу жұмыстары атқарылуда. Пәтер тұрғындарын 2023 жылдың 10 мамырына дейін табиғи газбен қамту жоспарлануда.
Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімінің кеңесшісі, тиісті бөлім басшылары және ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Қабылдауда тыңдалған мәселелер бақылауға алынып, шешу жолдары заң аясында түсіндіріле отырып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктелді.