ТҮРКІСТАН: МАУСЫМ АЙЫНДА 600-ГЕ ЖУЫҚ САРЫАҒАШТЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: МАУСЫМ АЙЫНДА 600-ГЕ ЖУЫҚ САРЫАҒАШТЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Биыл маусым айында Сарыағаш қаласында 585 пәтерлі 13 көпқабатты тұрғын үй толық пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 600-ге жуық баспанаға мұқтаж отбасы үйлі болмақ. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлім етті.
Арман Айдарұлының айтуынша, ауданда 2022 жылы 31 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген.
«Биыл өнеркәсәп өнім көлемін 34,5 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, былтыр негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 26,8 млрд. теңгені құрады. Ал 2023 жылдың қорытындысымен инвестиция көлемін 35,8 млрд. теңгеге жеткізу көзделген. Ал бөлшек сауда көлемі 50,7 млрд. теңгеге жетті. 2023 жылдың қорытындысымен сауда көлемін 52 млрд. теңгеге жеткізу межеленген», - деді аудан әкімі.
Ауданда 2023 жылы 500 жаңа жұмыс орнын ашып, мүмкіндігі шектеулі 278 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланған. «Еңбек» бағдарламасына 9703 азамат қатыстырылмақ. Сондай-ақ, биыл 12 455 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау көзделіп отыр.
Брифинг барысында аудан басшысы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қарқынды екенін жеткізді.
«Өңірдегі 68 елдімекеннің 42-сі, яғни 61,8%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Аймақты табиғи газбен қамту көрсеткіші қазіргі таңда 76,1 пайызды құрайды. Сапалы электрмен қамту бойынша 2022 жылы жалпы 18,3 шақырым электр желілері, 1043 электр бағаналары, 15 дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізілген. Жол саласы бойынша былтыр 38 ішкі жолға (40 шақырым) орта жөндеу және 22 ішкі жолға шағал тас төсеу (43 шақырым) жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы 26,5 шақырымды құрайтын 17 ішкі жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деді аудан әкімі.
Бұдан өзге, 2022 жылы ауданда 4 мектептің құрылысы аяқталса, 3 мектеп биыл пайдалануға берілмек. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023-2025 жылдарға 10 мектептің құрылысын жүргізу жоспарға енген. Атап айтсақ, олар: Сарыағаш қаласында 2000 орындық, 900 орындық және 300 орындық, Ынтымақ елдімекенінде 900 орындық, Дербесек елдімекенінде 900 орындық, Жаскешу елдімекенінде 600 орындық, Еңкес елдімекенінде 1200 орындық, Ақ үй елдімекенінде 1200 орындық, Таскескен елдімекенінде 600 орындық және Көктерек кентінде 1200 орындық мектеп бар. Бұл орайда, биыл 4 «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ