ТҮРКІСТАН: БІРЛІК МЕРЕКЕСІ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРАЛАРМЕН ӨРНЕКТЕЛЕДІ

ТҮРКІСТАН: БІРЛІК МЕРЕКЕСІ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРАЛАРМЕН ӨРНЕКТЕЛЕДІ

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, биыл өңіріміздің барлық аудан, қалаларында 27 сәуір мен 1 мамыр аралығында Бірлік күнінің мән-маңызын арттыратын түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылмақ.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани елорда мәртебесін беру бастамасын көтерген болатын. Осы мәртебенің мән-маңызын арттыру мақсатында Түркістан облысының 5 жылдығына орайластырылып, түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Бұл орайда, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінің орны бөлек. Аталған мереке аясында облыстағы барлық мәдени мекемелер мен концерттік ұйымдарда, музейлерде, кітапханаларда бірқатар шаралар өткізіледі. Мәселен, «Ұлттар достастығы», «Қазақстан - бірлік пен татулық мекені көрме», «Өркениетке негізделген ынтымақтастық», «Ұлт тірегі - ынтымақ», «Менің Отаным – Қазақстан», «Бейбітшілік - ел тілегі» атты танымдық кештер, достық сағаты мен мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Одан бөлек, 28-29 сәуір аралығында облыстық кітапханаларда кеңейтілген кітап көрмелері өткізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 1 мамыр күні «Конгресс Холл» көп салалы кешені мен Түркістан музыкалық драма театрында мерекелік концерттер мен қойылымдар ұсынылады», – деді Мұқағали Кенжетайұлы.
Брифингте сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов мереке қарсаңында аудан, қалаларда тазалық, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтетінін атап өтті.
«Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асады. Өңірде 50-ден аса этностың өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Биыл ҚР Президенті әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, бірлік күніне арналған іс-шаралар 24-30 сәуір аралығында ұйымдастырылып жатыр. Жоспар шеңберінде өңірімізде қайырымдылық акциялар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер көрмелері, концерттер, интеллектуалды байқаулар, арнаулы орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында жастарды достыққа, бірлікке шақыратын сабақтар өткізіледі», – деді Ерназар Баетов.
Ерназар Көпжасарұлының айтуынша, мерекелік қорытынды шара «Қазақстан – достық мекені» тақырыбында 30 сәуір күні Түркістандағы «Визит орталығының» алаңында өтеді. Онда мерекелік шаралар ұйымдастырылып, ел бірлігін бекемдеуге үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталады.
Айта кетсек, бүгінде өңірде этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары. Қазірдің өзінде облыстағы этнос өкілдерінің 94 пайызы қазақ тілін жетік біледі, құрмет тұтады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ