Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев мәлім етті.
Спикердің сөзінше, ауданда 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 млрд.теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, ауыл шаруашылығы саласында 1175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
«Өткен жылы Келес ауданында жалпы өнім көлемі 107,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ауылшаруашылығы саласының үлесі - 65,5%. Ал, негізгі капиталға 17,7 млрд.теңге инвестиция тартылған. Биыл аудандағы жалпы өндірілген өнім көлемін 119,3 млрд теңгеге жеткізу жоспары тұр. Бүгінгі таңда аудан халқын жұмыспен қамту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Соның ішінде ауылшаруашылығы саласында 5 нысаннан тұратын «Азия Мед» медициналық орталығы, «Эмир-Дэмир» ЖШС иновациялық жылыжай кешені, 1000 басқа арналған мал бордақылау «Умитай» шаруа қожалығы ашылады. Сонымен қатар, «Ағайындылар» атты қонақүй кешені, «Saryagash Alpamys» ЖШС минералды су өнімдерін өндіретін зауыт, «Сарыагаш-QZ» ЖШС «Ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру» зауытының құрылысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, электр қуатын күн сәулесінен өндіретін «UBS KZ» ЖШС және «UBS Solar» ЖШС электрстанция мен «ECOCULTURE-EURASIA»ЖШС жылыжай кешені салынады», - деді аудан әкімі.
Таяуда Келес ауданында «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен еліміздегі ең үлкен, яғни 500 гектардан астам жылыжай кешенінің іргетасы қаланған болатын. Жоба толық жүзеге асқанда 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп межеленген. Жаңа жобаға салынатын инвестициялардың жалпы көлемі - 524 млрд. теңге болса, 1 кезеңіне 51,6 млрд. теңге. тартылмақ. Қуатылығы – жылына 225 мың тонна қызанақ өсіру.
Брифингте белгілі болғандай, биыл жыл соңына дейін аудандағы 60,7 шақырым автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, аудандағы Қошқарата ауылдық округі, Жамбыл елдімекеніндегі №28 Мақташы, №11 Жолбасшы мектеп ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлініп, осы жылдың тамыз айында қолданысқа берілмек.
Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына ауданнан 4 ауылдық округ енгізіліп, Қошқарата ауылына 1 кооператив өсімдік шаруашылығы саласын, Ошақты ауылына 1 кооператив мал бордақылау алаңдарын дамыту қолға алынбақ. Сондай-ақ, Ақтөбе ауылына 2 кооператив сүт өнімдерін өндіру және балық шаруашылығын, Біртілек ауылына 1 кооператив жылыжай кешенін салу және жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіру, қайта өңдеу бағытын дамыту жоспарланып отыр. Индустриялды аймақты құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған.
Айта кетсек, аудандағы 83 елдімекеннің 57-сі ауызсумен қамтылған, 7 елдімекен экономикалық жағынан тиімсіз болып танылған. Ал қалған 19 елдімекенде ауызсумен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жерасты су қорын зерттеу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс берілген. Сондай-ақ, 63 елдімекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіліп, қалған елдімекендерде құрылыс жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал аудандағы 50 елдімекен табиғи газ жүйелерімен қамтылған, 27 елдімекенде құрылыс монтаж жұмыстары, жобалық-сметалық құжаттары жүргізіліп жатыр.