Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов «Жұлдыз» арнайы индустриалдық аймағында болып, нысанның инфрақұрылымдық жұмыстарымен танысты.
Жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа аймақ 2021 жылы ашылып, қазір экономикалық алаңның 121 гектарына жоспарға сай инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы Мұрат Әйтенов биылғы жылдың 6 шілдесіне дейін инвесторлар үшін жоспарға сай электр желісі, су, табиғи газ, кәріз жүйесі тартылып үлгеруі қажет екенін айтып өтті.
-Инвесторлар бізге сеніп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан оларға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіспіз, - деген қала басшысы инфрақұрылым жүргізіп жатқан мердігер мекемелермен ғана емес, инвесторларды да сөзге тартып, олардың тың жобаларын тыңдады.
Сонымен бірге қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына инвестициялық жобаларға қатысты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе құрылысын бастаймын деген жобаларды сүйемелдеп, қажетті рұқсатнама құжаттарын алуға жәрдемдесу, жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуына көмектесу, жосықсыз жобаларды арнайы экономикалық аймағынан шығарып, орнына приоритетті жобаларды кіргізу керектігін айтты.
Айта кетейік, екі жыл көлемінде «Жұлдыз» индустриалдық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласы бойынша 147,2 млрд. теңгені құрайтын 42 жоба әзірленді. 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асатын осы жобалардың аясында 4 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд. теңге құрайтын, 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд.теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты.
Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады.
Жаңадан құрылатын аумақтардың екеуі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, үшеуі жаңадан құрылатын алаңдар.
Оның ішінде жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады, 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ.
Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде, 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Сонымен бірге, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында, аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.