ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫ КӨБЕЙЕДІ

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫ КӨБЕЙЕДІ

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев мәлім етті.
133 мыңнан астам халық өмір сүріп отырған Келес ауданында 54,4 мың адам жұмыспен қамтылған болса, жұмыссыздық деңгейі 5,1 және жастар жұмыссыздығы 3,9 пайызды құрайды. Өткен жылы ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 107,5 млрд. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 119,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудан аумағында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.
Аудан әкімінің айтуынша, былтыр өнеркәсіп саласында 5,3 млрд. теңгегенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсекіш 5,9 млрд. теңгеге жеткізілмек. Сонымен қатар, биыл 2022 жылы негізгі капиталға тартылған 17,7 млрд. теңге инвестиция көлемін көтеру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, орындау бойынша нақты іс-шаралар атқарылады.
Жәнібек Есенұлының сөзіне сүйенсек, былтыр Келес ауданында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 22,4 мың шаршы метрді құраса, бөлшек сауда, шағын және орта бизнес саласында өткізілген тауар көлемі 7,5 млрд. теңгеге жеткен. Осы ретте қазір аудан аумағында 10 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарының жұмыс істеп тұрғанын атап өту қажет.
Оған қоса, биыл бастау алған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Келестегі 4 ауылдық округ енгізіліп, Қошқаратадағы 70-тен астам азамат өсімдік шаруашылығын, Ошақтыдағы 120 азамат мал бордақылау ісін, жүзге жуық ақтөбелік сүт өнімдерін өндіру мен балық шаруашылығын және Біртілектегі 120 тұрғын жылыжай кешенін салу, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіру, қайта өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отыр. Демек, алдағы уақытта аудандағы кәсіпкерлік саласының қарқыны арта түседі деген сөз.
Сонымен қатар, 2025 жылға дейін ауданда жалпы құны 44,3 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 1175 жаңа жұмыс орны ашылғалы тұр. Атап айтсақ, «Азия Мед» медициналық орталығының ғимараттары, орталық аурухана, иновациялық жылыжай кешені, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы және ет өнімдерін өңдіру цехы, қонақ үй кешені, минералды су өнімдерін өндіретін зауыт, ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру зауыты, сағатына 20 мВт электр қуатын күн сәулесінен өндіретін электрстанция және 51 гектар жерге жылыжай кешені салынатын болады. Одан бөлек, индустриялды аймақ құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған. Ол нысан республикалық маңызы бар «А15» автомобиль жолына, алдағы уақытта салынатын айналма жолға, «Б.Қонысбаев» кеден бекеті мен көршілес жатқан Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарына жақын орналастырылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ