Қала тұрғындарымен кездесулердің барысында "Көгалдандырып берсеңіздер өзіміз қараймыз, суғарып баптаймыз", "Балалар алаңшасын салып берсеңіздер", "Бос жер табуға ат салысамыз, футбол алаңын жасақтап берсеңіздер", "Көше тазалығын өзіміз қадағалаймыз" - Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековке осындай әңгімелер жиі айтылды.
Жалпы осы айда шаһар басшысы 11 кездесу өткізді. Сауран, Шауғар, Бірлік, Бекзат секторларындағы өзекті мәселелерді көпшілікпен талқылап, шешу жолдарын қарастырды.
Көпшілік арасында Түркістан қаласының тұрғындары тарапынан облыс әкіміне, қала басшысына алғысын жаудырғандар да, жұмыс сапасына шағым айтқандар да, көптің тілеуін кеңеске салғандар да, жеке шаруасын шешуге жәрдем сұрағандар да болды.
- Жол мәселесіне қатысты, қол қусырып отыр демеңіздер. Күн жылынып, жер қатып жолдағы жұмыстар енді басталды. Кәріз жүйесінің құрылысы жоспарға сәйкес жүзеге асады. Жалпы, кездесу барысында айтылған әр өтініш қағазға түсіріліп, ұсыныстарыңыз заңға сәйкес зерделенеді. Абаттандыру, көгалдандыру нысандарын өздеріңізбен, жергілікті тұрғындармен бірге қабылдаудан өткізетін боламыз, - деді қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.