ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТТАР ЕЛ АРАСЫНДА ЖҮР

ТҮРКІСТАН: ДЕПУТАТТАР ЕЛ АРАСЫНДА ЖҮР

Түркістан қаласында қалалық мәслихат депутаттарының 2023 жылғы ІІ тоқсандағы сайлаушылармен кездесуі өтуде. Бұған дейін «Бекзат», «Бірлік», «Сауран» секторларында халықпен жүздескен ел қалаулылары түрлі мәселелерді тыңдап, олардың шешілу жолдарын қарастырған. Сонымен қатар, тиісті жұмыстарды да бастап кеткен.
Кезекті кездесу «Шауғар» секторы №22 Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінде өтті. Жиынға аталған аумақтың тұрғындары қатысып, өздерін алаңдатқан мәселелерімен бөлісті. Олардың талап-тілектерін тыңдауға қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, депутат Жәмила Сүлейменова, Сәкен Ханділлаев, Самат Рысбеков пен Құлбатыр Мұсабек келді.
Тұрғындардың көтерген мәселелері өте ауқымды. Аталған аумақтағы жолдардың сапасын, көшелердің тарлығын, су мен жарықтың тұрақтануын қадағалауға шақырған халыққа халық қалаулылары жұмыстардың жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта толықтай өз шешімін табатынын жеткізді. Түйіні тез арада шешілуі тиіс тағы бір қиындық – көптеген үйлердің құжаттарындағы қателіктер. Тұрғындар баспаналарын өз бастарына тіркей алмай әлек болып жүргендіктерін жасырмады. Бұл мәселенің шешімін табу үшін Ғаппар Амантайұлы сөз сөйлеген ақсақалды жеке қабылдауына шақырды.
Сонымен қатар, кездесуге келген мәслихат депутаттары жиылған жұртқа өткен сайлауда көрсеткен қолдаулары үшін ерекше алғысын да жеткізді. Ел сенімін ақтап, өздеріне артылған ауыр жауапкершілікті абыроймен арқалауға уәде еткен азаматтарға тұрғындар да ризашылығын жасырмады. Қос тарап осындай жиындардың жиі өткізіліп, қаладағы бар мәселенің шешімін бірлесіп табуға уәделесті.
«Келісіп пішкен тон – келте болмас» деп бекер айтпаған бабаларымыз. «Елдің елеулісі» деген шенді алған азаматтар мен тұрғындардың арасында алтын көпір пайда болса шешімі табылмайтын мәселе болмасы анық. Бүгінгі жиынның қала халқына, өңірдің өркендеуіне өзіндік серпін боларына сенім білдірді мәслихат депутаттары.
Кездесулер алдағы уақытта яғни, сәуірдің 28 жұлдызына дейін «Яссы» мен «Отырар» секторларында да жалғасын таппақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ