Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен аудан, қала және ауылдық округ әкімдіктерінің салалық қызметкерлеріне «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру» тақырыбында құқықтық оқыту-семинары өтті. Семинарға мемлекеттік қызмет көрсету саласына бақылау және қадағалаушы уәкілетті орган ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету, қызмет алу кезінде әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету және облыс әкімдігі қызметінің тиімділігін арттыру.
Құқықтық оқытуда басқарма басшысы Ә.Әбдіраханов облыс әкімдігі қызметінің тиімділігі бағаланатындығын және Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы операциялық бағалау блогының бірі – мемлекеттік көрсетілетін қызметтер екендігін айтып өтті.
Басқарманың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің және департаменттің қызметкерлері тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету саласына жүргізілген мемлекеттік бақылау шаралары негізінде анықталған бұзушылықтары туралы айтылып, әкімдіктің қызмет тиімділігін арттыру мақсатында жер, сәулет және қала құрылысы салаларының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қағидалары талаптарының бизнес-процестері, қызметтің нәтижесін ұсыну бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өзекті сұрақтарға жауаптар берілді. Сонымен қатар оқуға қатысушыларға «109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы, азаматтардан келген өтініштерге уақытылы жауап беру қажет екені және ол бойынша аудан, қала әкімдерінің салаға байланысты рейтингі бағаланатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысымен облыс әкімдігінің қызмет тиімділігіне мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша 89,45 балл берілген. Биыл мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын 90 балға жеткізу жоспарлануда.