Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қазір қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
“Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек” – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастырып, құрылыс талаптарын бақылауды тапсырды. Қала әкімі екі аптадан кейін кесте бойынша индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді.
Шымкентте биыл бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Шымкент жастар лигасы» екінші рет ұйымдастырылды. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы жылы спорттың 4 түрінен 151 мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Металлург» стадионын реконструкциялау, №12 спорт мектебі ғимаратына қосымша құрылыс және Бозарық шағын ауданында ауыр атлетика спорт кешені, «Медициналық колледжі» спорт залының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен бірге, жеке инвесторлар есебінен «Ипподром» және «Үстел теннисі орталығының» құрылысы жүріп жатыр,деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.