АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотановтың қатысуымен өткен жиында кеңестің ережесі мен құрамы бекітілді.
Кеңес құрамында жасы 60-тан асқан ақсақалдар мен этнос өкілдері және қоғам белсенділері бар. Басқосуда мекемелер мен кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқығының сақталуы және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың орындалуы талқыланды.
Ақсақалдар кеңесі — сан-алуан мәселелерді талқылап, ұйғарымға келетін, ресми орындарға ұсыныс беретін көпшілікті басқарудың биресми қоғамдық түрі. Ақсақалдар кеңесінің тарихы көне дәуірден басталады. Қазақ елінде тарихи рөл атқарған “Хан кеңесі”, “Билер кеңесі” де өз бастауын осы ақсақалдар кеңесінен алады, бірақ айырмашылығы елеулі. “Хан кеңесі” мен “Билер кеңесі” аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. Ақсақалдар кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген. Көне деректерге қарағанда ақсақалдар кеңесінің екі түрі анық көрінеді. Олар — “Ру ақсақалдарының кеңесі” мен “Тайпа ақсақалдарының кеңесі”. Бұл кеңестер ру мен рудың, тайпа мен тайпаның арасындағы шаруашылық, тұрмыстық және мәдени байланыстар мен сауда қарым-қатынасы мәселелерін, жер-су меншіктерінде ұшырасып жататын даулы жағдайларды қолдарынан келгенінше бейбіт жағдайда шешуге мұрындық болған. Биресми түрде құрылған “Ақсақалдар кеңестері” кейбір аймақтар мен ұжымдарда әлі күнге дейін сақталған. Олар көбінесе тәртіп, тәрбие мәселелерімен шұғылданады, шаруашылық жөнінде өз ұсыныстарын айтады.
Күн тәртібіндегі тақырыптар аясында баяндамалар жасалып, кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берілді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ