ҚАЛА ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРҒА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДАН ЖЕР ҚАРАСТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

ҚАЛА ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРҒА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДАН ЖЕР ҚАРАСТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында 11 жоба қаралды.
Инвесторлар құрылыс, ауылшаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жобаларын таныстырды. Басқарма басшылары мен аудан әкімдері қатысқан басқосуда инвестициялардың орындалу барысы пысықталып, жаңа жобаларды іске асыруда өзекті мәселелер талқыланды.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға инвесторларға индустриалды аймақтардан қажетті жер телімдерін қарастырып, жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Қала басшысы жауаптыларға жер телімдерін бөлу, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ретте бюрократиялық кедергілерді жойып, кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайдың жасалуын қадағалауды ескертті.
Бүгінде қалада өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда 800-ден астам кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Оның ішінде 700-ге жуығы өңдеу өнеркәсібіне жатады. Бұл салада 32 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылғы қаңтар айында 70,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Бұл көрсеткіште Шымкент қаласы республикада 7 орынды иеленеді.
Өңдеу өнеркәсібінде 57,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Бұл бағытта мегаполис елімізде 8 орында тұр. 225 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалада тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық мақтаны тұтыну үлесін арттыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда аймақта 35 жоба іске асырылып, 2 жарым мыңнан астам тұрғын жұмыс істеуде. Аймақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы шетелдерге экспортталады.
Еске салар болсақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың алдыңғы отырысында өңірлік брендті дамытуда маңызды жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды. Жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан жиында негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалуы және алдағы жоспарлар баяндалды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ