Қала көркіне үлес қосу және тұрғындардың эстетикалық талғамын арттыру, көше мен аула тазалығына ынталандыру масқатында ұйымдастырылған «Менің гүлді аулам» атты конкурс өз мәресіне жетті. Былтыр қазан айынан бері бақ сынаған аула басқарушылары мен тұрғындар қызықты сайысқа белсене кірісті. Есік алдын алуан түрлі гүлдермен, ерекше дизайнерлік ландшафтпен көмкерген 91 аула қатысушыларынан іріктеліп 31 үздік аула жүлделі орынға ие болды.
Бағбандардың еңбегін бағалаған қазылар алқасы жүлде қорына өзгеріс енгізіп, жүлделер санын арттырды. Нәтижесінде 9 аула-қатысушы – 1 миллион теңге; 6 аула-қатысушы – 500 мың теңге; 9 аула-қатысушы – 250 мың теңге; 6 аула-қатысушы – 150 мың теңге; 1 аула-қатысушыға – 100 мың теңгемен марапатталды.
Бастысы конкусқа қатысқан тұрғындар фестиваль шартына сәйкес – қаламыздың символына айналған қызғалдақ гүлінің егуді назардан тыс қалдырған жоқ. Конкурсқа қатысу арқылы қала жұртшылығы тазалықпен бірге өз аулаларын көгалдандыру жұмыстарына машықтанды.
Бүгінгі іс шара барысында мегаполис халқы орталық саябақта бас қосып, жүлдегерлердің марапатын тамашалады.
Мегаполис табиғаты мен тұрғындар үшін мәні мен мағынасы бар бұл байқау жыл сайын қолға алынбақ.
Айта кетейік, Шымкент қаласына келуші туристердің саны жыл санап артып келеді. 2022 жылдың 12 айында қалаға келушілер саны 448 797 адамды құрап отыр. Ішкі туризм бойынша келушілер саны 412 268 адам, өткен жылмен салыстырғанда 136,2%-ға артып отыр. Ал, кіру туризмі бойынша келушілер саны 36 529 адам, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайған. Бүгінде республикалық көрсеткішке сәйкес, қалаға келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 3-орында тұр. Оның ішінде ҚР азаматтары бойынша 4-орын, резиденттер еместер (шет ел азаматтары) бойынша 4-орында.