Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ-ның төрайымы Ляззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі жақты меморандум негізінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика және БАҚ саласының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие беру мақсатында «Qamqor» өңірлік бағдарламасы әзірленді.
Бағдарлама аясында 150 адамды жеңілдетілген несиемен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен
3 млрд.теңге қаржы қаралды.
Несие бойынша мөлшерлеме 5%, алғашқы жарна 10%, 20 жыл мерзімге беріледі.
Бүгінгі уағдаласу тұрғын үй кезегіне тұруға жатпайтын, баспанасы жоқ азаматтарды пәтермен қамтуға мүмкіндік береді.
Аталған бағдарламаға 63 жасқа дейінгі азаматтар қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін қолжетімділікке басымдық беріледі. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна - 10%, жылдық мөлшерлеме-5%, одан әрі жылдық 3,8% -ға дейін төмендейді. "Qamqor" бағдарламасы аясында несиелеу үшін алғашқы транш 3 млрд теңгені құрайды. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыруда басты оператор Отбасы банкі. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы балдық жүйемен есептеледі”, - делінген ақпаратта. Айта кетейік, "Qamqor" бағдарламасына қатысушылардың және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үй болмауы керек, және соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеуде болуы тиіс.