Шымкент қаласының жасөспірімдері арасында құмар ойындарға тәуелділікті анықтауға арналған «Такер» тестіне 9-11 сынып оқитын 18 мыңнан астам оқушы қатысты. Оның 13 мыңнан астамы жасыл аймақты көрсетті. Бұл компьютерлік ойындарға қарсы әрекеттің белгісі, ал сары аймаққа 19,6 пайыз, қызыл аймаққа 2,8 пайыз бала түскен.
Осы орайда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық Білім басқармасы, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы, аудан әкімдіктері және психологиялық орталықтар бірлесіп, кәмелет жасқа толмағандардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауда арнайы жұмыстар жүргізуде.
Бүгінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының құрамында 56 мүше бар. Олар ата-ана құқығынан айыру, бейімдеу немесе девиантты балалар орталығына жіберу, кешкі мектепке орналастыру және білім беру ұйымдарының есебін тыңдау негізінде жұмыс істейді.
Еске саларлық, шахар әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен арнайы жиында "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасын іске асыру тетіктері қарастырылған болатын. Пилоттық жоба аясында қала аумағында 25 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады.
Алдағы жылы 20 400 орынға арналған 13 мектеп салынып, 2025 жылы пайдалануға тапсыру көзделуде.
Тиісті басқарма басшыларының қатысуымен өткен басқосуда нысандарды инженерлік-инфрақұрылымдық желілермен қамту барысы қарастырылды. Мұрат Дүйсенбекұлы жоспарланған мектеп ғимараттарына қажетті табиғи газ, электр, су жүйелерін, жолдарды талаптарға сай жүргізуді тапсырды.
“Ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Мектептердің көшелерін жарықтандыруды және бейнебақылау жүйелерімен қамтуды ұйымдастырыңыздар. Мектепке қатынайтын қосымша маршруттар бекітіңіздер. Білім ғимараттары түгелдей жылдам интернетпен қамтылуы тиіс” - деді қала әкімі.
Сондай-ақ Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында 320-дан астам тәрбие жөніндегі орынбасар, 170-ке жуық әлеуметтік педагог және 270-ке жуық педагог-психолог қызмет атқаруда.
Барлық білім беру ұйымдарында медиация кабинеттері ашылған, тәрбие жұмысын дамыту мақсатында «Ата-аналар академиясы» бекітілген. Ал білім басқармасы жанынан психологиялық-педагогикалық қызмет, тәрбие беру орталықтары құрылған. Тelegram желісіндегі чат пен сенім телефондары тұрақты түрде жұмыс жасауда.