Бүгін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Хасанов Бахытбек аудан тұрғындарын қабылдады.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев, аудан әкімінің кеңесшісі Рысқұл Есполай, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, жер қатынастары бөлімінің басшылары және Ақсукент, Қарабұлақ ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Алдымен, бірінші кезекте болған қарабұлақтық А.Халжалилов Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының талап арызымен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында және Сайрам аудандық сотында азаматтық істері қаралып, талапкердің пайдасына аталған мал қора нысанасын өз есебінен мәжбүрлеп бұзуға қанағаттандырылғанын айтты. Қарабұлақ ауылындағы 034 орамда орналасқан мал қорасын бұзбау мақсатында оның нысаналы мақсатын өзгертуге ықпал жасауын өтінді.
Бұдан бөлек, қарабұлақтық Б.Молайханов ауылындағы жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша қажетті көмек сұрап, шешімін тапқан жағдайда осы жерлерге алдағы уақытта кәсіпкерлік нысан салу жоспары бар екенін назарына салды.
Келесі кезекте ақсукенттік Р.Умербекова отбасылық жағдайына және тұрғын үй кезегінде болуына байланысты баспанамен қамтуды сұранды. Сонымен қатар, тұрғылықты жеріне электр жарығы, ауыз су және ағын су тұрақты жеткізілмейтініне шағымданды.
Жергілікті тұрғындардың өтініштері тыңдалған соң, олардың шешу жолдары қарастырылатыны туралы түсіндірілді. Өз кезегінде Бахытбек Сембекұлы сала басшылары мен ауылдық округтеріне мәселелерді бақылауға алып, заңға сәйкес жұмыстарды атқаруды тапсырды, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
САЙРАМ: АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ
