Ағымдағы жылы Жартытөбе ауылының 2 көшесі мен Аққолтық елді мекенінің 5 көшесіне асфальт төселіп, осылайша ауыл округке қарасты елді мекендердің ішкі көшелері 100 пайыз қамтылатын болады. Сондай-ақ осы жылы Бабата елді мекенінде Б.Есжанов көшесі мен Жартытөбе ауылының Иманқұлұлы көшесіне аяқ жолмен қоса көше жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігі үшін іске қосылды. Алдағы айда тұрғындар сұранысына орай Бабата елді мекенінде «Беккери» шұңқырының құрылысы басталып, пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек Жартытөбе елді мекенінің кіші футбол алаңының газоны ауыстырылып, қоршауы 1,5 метр биіктікке көтеріледі. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауыл округі тұрғындарымен өткізген есептік жиында мәлімдеді.
Жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытқа бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдап, көкейдегі сұрақтарын жеткізді. Көтерілген сауалдардың маңыздылығы ескеріліп, сала мамандары тарапынан жауап беріліп, қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Есептік кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жауапты мамандармен айтылған мәселенің шешу жолдарын жан жақты саралап, тиісті тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.