Бүгін Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған мерекелік іс- шара өтті. Бүгіндері қаламыздың мәдениет саласындағы 21 мекемеде 2000-ға жуық маман ұлттың рухани және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге, халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтауда бар күш-жігерлерін жұмылдырып қызмет етіп келеді.
Мерекелік іс шара театр алдында мәдениет мекемелерінің далалық көрме инсталациясының таныстырылымымен басталды. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихы, мәдениеті, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен айқындалады. Сондықтан бұл мерекелік басқосуда ең алдымен ел мәдениетінің алтын қорына үлес қосып келе жатқан шымкенттік бір топ майталмандар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісі және Алғыс хатымен марапатталды.
Кеш соңында көрерменге «Оркестрлер шеруі» музыкалық композициясы тарту етілді.
Концертте «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы Қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Жамбыл Мейірбеков, Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің дирижері Мәди Өмірзақ, «Шымкент Цирк» мекемесінің эстрадалық оркестрі көркемдік жетекшісі және дирижері Жандос Аппазов, солистер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхаммедқызы, Қазақстан мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова, эстрадалық оркестр әншісі Диана Хашимханова өнер көрсетті.
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры — Шымкенттегі өнер ордаларының қарашаңырағы. Шымкент қалалық орыс драма театры, өзбек драма театры, опера және балет театры, қуыршақ және жасөспірімдер театры, әзіл-сықақ және сатира театры сахналық қойылымдар арқылы тарихи-мәдени құндылықтарды жеткізіп, бабалар аманаты – төл дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруде айрықша еңбек етіп келеді.
Ал Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана, Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі (23 филиал), орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесі (14 филиал), жасөспірімдер кітапханасы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана, А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапхана — мегаполистегі мол қорға ие қазыналы мекен.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай пайдалануға берілген Шымкент-Цирк мекемесі — еліміздегі ең жас цирктердің бірі. Ал, қаланың рухани тыныс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үздіксіз үлес қосып отырған 6 кітапхана оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізіп, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр.