«Шымкент-циркі» – әлемдегі ең жас цирктердің бірі. Аз уақыт ішінде шығармашылық ұжым клоун, шапито, джигитовка, жонглерлік және эквилибристика бағыттарында өнер көрсетіп, ел қошеметіне бөленіп жүр.
Цирктегі Гигант, Ақбура, Ақтанау, Талисман, Месси атты ақылды аттар халықаралық байқауларда жүлделі орындарды иеленуде. Былтырғы жылы жылқылардың қатысуымен ұсынылған “Джигитовка” қойылымы “АЗИЯ ЖАҢҒЫРЫҒЫ” фестивалінде 13 мемлекеттің цирк өнерпаздары әзірлеген бағдарламалар арасынан алтын жүлдені иеленді.
Ақылды аттар арнайы күтіліп-бапталады. Ат құлағында ойнайтын шабандоздар жылқыларды күн сайын жаттықтырып, бабын келтіреді. Алдағы уақытта цирк қызметкерлері жануарлар санын арттырып, заманауи талапқа сай қызықты нөмірлер дайындауды жоспарлауда.
Сондай-ақ «Шымкент-циркінің» 10 жылдығына орай ұсынылған «Cirque du Soleil» бағытындағы «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасы да көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатын.
Еске салар болсақ, Шымкент-цирк оркестрі Ресейде өткен халықаралық деңгейдегі үрмелі және соқпалы аспаптар оркестрлерінің конкурсында 1-дәрежелі жеңімпаз атанды. Қашықтықтан ұйымдастырылған байқауға оркестр солисі Д.Хашимханованың орындауындағы халық әні «Қамажайға» жазылған парафраз композициясы мен американдық композитор У.Херстың «Мен осылай істедім» (Deed I do) әні ұсынылған болатын.
Джаз, брасс-квинтеттер, диксиленд топтарының, эстрадалық-симфониялық оркестрлердің өнерлерін сарапқа салған музыка корифейлерін шымкенттік шығармашыл топ әмбебаптығымен, стандартты оркестрге домбыра, қобыз үнін ұтымды пайдалануымен, керемет гармониялық үйлесіммен, ырғақ алуандығымен, вокал біліктілігімен тәнті етті.
Осылайша жергілікті өнер тобы бүкіләлемдік музыкалық Қауымдастықтың “Алтын Кұрмет” кітабына енді.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 21 мекеме бар. Оның ішінде 6 театр, 6 кітапхана, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы, «Шымкент-цирк», «Шым қала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Көрме орталығы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы, Шымкент қалалық мемлекеттік архиві бар. Мұндағы әрбір ұйымның ұлт мәдениетін дәріптеп, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруде өзіндік миссиясы қалыптасқан.