4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні - ел тарихындағы айрықша маңызды мейрам! Елжандығымыз бен отансүйгіштігіміздің өлшемін айқындайтын осынау мерекеде
Шымкентте бірқатар іс-шаралар жалғасуда. 23 мың жанкүйердің Әнұранды бірге шырқауымен басталған мейрам көк Туды желбіреткен авто және велошеруге ұласты.
Тәуелсіздік саябағындағы Рәміздер алаңында Әнұран шырқалып, теңдігімізді айқындайтын Туымыз асқақтап, елдігіміздің белгісі - рәміздерімізге құрмет көрсетілді. Іс-шараға әскерилер, күштік құрылым басшылығы, депутаттар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары белсене қатысып, қастерлі бойтұмарымызға айналған рәміздеріміздің мерейін үстем етті.
Патриоттық әндер мен әскери оркестрдің орындаулары патриоттық сезім сыйлап, рухымызды асқақтатты. Мәні мен маңызы бөлек мерекеде ардагерлер бірігіп, елжандылыққа шақырған әндерді әуелетті.
Патриоттық іс-шара аясында Ордабасы алаңынан Бәйдібек би ескерткішіне дейін Мемлекеттік туды желбіреткен 50 авто мен 80 велошеру көшелермен жүріп өтіп, мерекені айшықтай түсті. Бұл көріністер өскелең ұрпақтың ел мен жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, айрықша әсер сыйлады.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.