Вьетнам инвесторлары Шымкентте бірқатар салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын. Шетелдіктер қала аумағындағы ескі көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, тараптар арасында сауда-саттықты дамыту, құрылыс материалдарын өндіру бойынша бизнес жобаларын ұсынды.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Вьетнам инвесторларымен кездесіп, тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктерін қарастырды.
Соңғы жылдары Шымкент қаласы мен Вьетнам мемлекеті арасындағы сауда-экономикалық қатынастар нығайып келеді. Былтыр тараптар арасындағы тауар айналым шамамен 1,7 млн. АҚШ долларына жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 13 есе артқан.
Бүгінгі таңда мегаполис инвестициялық тартымдылық бойынша республикада алдыңғы орында. Былтыр қалаға 1,2 млрд инвестиция тартылған.
Шымкент-Вьетнам арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатындағы кездесуде тараптардың мүмкіндіктері қарастырылып, инвестициялық жобалар талқыланды. М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға ұсынылған бастамаларды жіті зерделеп, инвесторлармен қолайлы жағдайда жұмыс жүргізуді тапсырды.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылғы қаңтар айында 70,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға артты. Бұл көрсеткіште Шымкент қаласы республикада 7 орынды иеленеді.
Өңдеу өнеркәсібінде 57,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өскен. Бұл бағытта мегаполис елімізде 8 орында тұр. 225 гектарды алып жатқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы қалада тоқыма өнеркәсібін дамыту, отандық мақтаны тұтыну үлесін арттыру мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда аймақта 35 жоба іске асырылып, 2 жарым мыңнан астам тұрғын жұмыс істеуде. Аймақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы шетелдерге экспортталады.
Еске салар болсақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың алдыңғы отырысында өңірлік брендті дамытуда маңызды жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды. Жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысқан жиында негізгі капиталға салынған инвестициялардың орындалуы және алдағы жоспарлар баяндалды.