Оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында қаламыздың полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп студенттермен демалыс алдындағы соңғы кездесулер өткізді.
Мұндай кездесудің басты мақсаты – нашақорлықтың және АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу болып табылады.
Кезекті кездесу «Парасат» колледжінің ғимаратында өткізілді. Оған Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысты.
Ол студенттерге есірткінің зияны, оның адамға алып келер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқталды. Есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді.
Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.
Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
АИТВ-ның қазіргі таңда негізгі 3 жұғу жолдары дәлелденген.
1. Парентералды жол - қан және қан алмастырғыш препараттар арқылы
2. Жыныстық жол - қорғалмаған жыныстық қатынас арқылы
3. Анадан балаға - босану кезінде, емізгенде анадан балаға беріледі.
АИТВ қоздырғышы адам ағзасының биологиялық сұйықтықтары қанда, шәуетте, қынап сұйықтығында, емшек сүтінде көп бөлінеді. Сондықтан жоғарыдағы 3 жұғу жолы дәлелденген.
АИТВ инфекциясы адаммен құшақтасқанда,амандасқанда,сүйіскенде, жөтелгенде, суға түскенде , тұрмыстық заттарын қолданғанда жұқпайды.
АИТВ инфекциясына қарсы вакцина шыққан жоқ,тек антиретровирусты препараттар бар. Ол препараттар ағзадағы вирустың көбеюіне жол бермей бір қалыпта ұстап түрады. Ең өкінішітісі АИТВ-ға шалдыққандар өмір бойына вирусқа қарсы препараттарды қабылдайды.
Қазір жалпы қоғам болып бұл індеттің алдын алу шараларын насихаттау арқылы күресіп келеміз. Әсіресе жастар арасында көбірек үгіт насихат жұмыстары жүргізілуде.
1. Қауіпсіз жыныстық қатынас. Презервативті пайдалану жұқтыруды болдырмауға көмектеседі, алайда презервативті дұрыс пайдаланғанның өзінде, ол ешқашан 100% қорғай алмайды.Сондықтан бір ғана жыныстық серіктес болғаны жөн.
2. Есірткі тұтынудан бас тарту. Егер есірткіге құмарлығын тия алмаса, онда жаңа бір рет пайдаланатын ине мен шприцті қолдану керек.
3. АИТВ –жұқтырған ана босанғаннан кейін баланы емізбеу керек.
Сондықтан жастарға айтарымыз зиянды әдеттерден аулақ болып, жат қылықтардан бойымызды алшақ ұстайық.Бір мезеттік сезімге беріліп, өмір бойына бармағымызды тістеп қалмайық. Жеке бастың гигиенасын сақтап, спортпен шұғылданып, таза ауада серуендеп ағзамызды нығайтып дені сау ұрпақ әкелуге, саналы ұрпақ тәрбилеуге ат салысайық.