Аудан басшысы ауыл округтерді аралау барысында бірқатар шешімін қажет ететін мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берген болатын. Яғни, бірінші кезекте тұрғындардың көтеріп жүрген мәселелеріне назар аударуды тапсырды. Әсіресе, көптеген елді мекендерде инфрақұрылым мәселесіне көңіл бөлу керек. Соның бірі – электр жарығы.
Бүгін аудан әкімі Арман Сәбитов «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мұрат Ибрагимовпен арнайы кездесті. Мақсат – аудан тұрғындарын электр жарығымен тұрақты қамтамасыз ету бойынша келіссөздер жүргізу.
Себебі, ауданымыздағы кейбір елді мекендердегі өзекті мәселелердің бірі – электр энергиясының жиі өшуі. Жел соқса, қар жауса, жарыққа жарымайтын ауыл азаматтары бұл мәселені күн сайын көтеріп келуде. Әсіресе, тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде пікірлер жазылып, мессенджер арқылы сұрақтар көптеп түседі.
Қазіргі таңда ауданымызда «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қарасты 16 қосалқы электр станциясы бар. Оның ішінде жағдайы орташа деңгейдегілер саны 14. Ал қажетті трансфарматорлар саны 18. Одан бөлек, 21 елді мекендегі 169,5 шақырым электр желісі тозған. Тозығы жеткен бағаналар да аз емес. Бүгінгі таңға дейін аудан тарапынан «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-не қайтарымсыз беру үшін 39 трансфарматор ұсынылған.
Осы және өзге маңызды мәселелер бойынша аудан әкімі мен «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры арасында келіссөз жасалды. Маңызды тақырып бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде, екі тарап ортақ шешімге келіп, алдағы уақытта «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқаратын болады. Яғни, трансфарматорларды балансқа алу, жаңадан трансфарматорлар орнату, тозығы жеткен электр желісін жаңалау, тохығы жеткен бағаналарды ауыстыру сынды маңызды мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілетін болады, деп хабарлайды Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.