Бүгін жұмыс күнінің екінші бөлігінде жоспарлы аудан әкімінің есептік кездесуі Рысқұлов ауылдық округінде жалғасты. Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Дәстүрлі жиында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан және округ көлемінде ағымдағы жылдың 5 ай қорытындысымен атқарылған жұмыстар барысын баяндап, тұрғындар тарапынан түскен өтініш-ұсыныстар негізінде алдағы атқарылатын жұмыстар барысымен бөлісті.
Басым бөлігі сұрақ-жауап форматында ұласқан жиында тұрғындарды толғандырған негізгі мәселенің бірі ауыз су болды.
Өткен жылдардан өтпелі болып іске асып жатқан Азаттық ауылының ауыз су жүйесін қайта құрылымдау жұмыстары су қосу барысында анықталған кемшіліктерге байланысты мерзімінде аяқталмай келеді.
Аудан басшысы жиынға арнайы шақыртылған мердігерге тұрғындардың өтінішін тезарада қанағаттандыру мақсатында нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлімге ауыл тұрғындарымен бірге жұмысшы топ құрып, жұмысын қадағалау керектігін ескертті.
Бұдан бөлек жиында жер қатынастары, жайылым, заңсыз құрылыс, жол, аяқ жол, электр жарығы, білім және денсаулық сақтау саласына қатысты тұрғындар тарапынан өтініш-ұсыныстар айтылып, аудан әкімі тарапынан назарға алынды.
Азаттық ауылдық округі тұрғындары тарапынан соңғы есептік жиындарда көтеріліп, биыл жүзеге асатын жұмыстарға келетін болсақ:
- «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Азаттық ауылының 26 көшесіне (Интернационал, Бірлік, Бәйшешек, Ырыс, Достық, Нұрлы, Келешек, Эралиев, Бейбітшілік, Жемісті, Ынтымақ, Тәуелсіздік, Байтерек, Ізет, Жастықшақ, Шапағат, Жақсылық, Рахмет, Зерде, Көрікті, Самал, Желтоқсан, Жас Өркен, Игілік, Атамекен, атауы жоқ) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылы толығымен аяқталады деп күтілуде, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.