Ауданымыздың шығыс қақпасында орналасқан Шақпақ ауылдық округінде соңғы 2-3 жылда тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су, аяқ жол, автожолға қатысты өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселең, өткен жылы округ орталығының тозығы жеткен ауыз су құбыры толығымен жаңартылып, тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау үшін күре жолдың бойына аяқ жол құрылысы және асфальт жабындысы төселмеген көшелерді жөндеу жұмыстары бастау алған болатын.
Бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың Шақпақ ауылдық округі тұрғындарының алдындағы ІІІ-тоқсанға жоспарланған есептік кездесуі барысында тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселенің бірі жоғарыда айтылған құрылыс жұмыстары барысында назардан тыс қалып кеткен кемшілік тұстар болды.
Аудан басшысы аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында жауапты бөлім басшысына ауыл белсенділерімен бірлесіп жұмысшы топ құрып, әр нысандағы кемшілік тұстары бойынша АКТ түзіп, жауапты мердігерге Заң аясында қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстарды атқартуды тапсырды. Барлық нысанның сапасы талапқа сай болу керектігін ескертті.
Бұдан бөлек дәстүрлі кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан ағын су, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, интернет және білім саласына қатысты мәселелер айтылып, Нұржан Жақсылықұлы және жауапты мекеме басшылары тарапынан назарға алынып, жауап берілді.
Аудан әкімі есептік жиынды пайдаланып, көптен бері жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген ескі спорт мектебінің орнына жаңа ғимарат соғу мәселесі облыс әкімінің тікелей қолдауымен іске асуы жоспарланып жатқаның жеткізіп, биылғы жылы жобалық сметалық құжаттары дайындалатының атап өтті.
2023 жылы округ аумағында іске асатын жобалар:
- Жер кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында 29 га жерге инфрақұрылым тарту жұмыстары жоспарлануда. Нәтижиесінде 173 жер телімі беріледі деп күтілуде.
- Айымбетов көшесін жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталады деп күтілуде. Бағысбеков көшесіне аяқ жол салу жұмыстары өтпелі іске асады.
- 25 адам қабылдауға шақталған дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.