Бүгін қала әкімі М. Әйтенов Өтегенов көшесінің 1-кезеңі Шымкент Сити шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді. Бүгінде жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 метр, ені - 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Нысанда алдымен автомобиль жолына жер негізін салу және тығыздау жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-ші қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, шағал тас төсеу, ирригациялық жүйелер, тротуар орналастыру жұмыстары толығымен аяқталды.
2-кезеңде Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығы қамтылған. Жалпы ұзындығы - 1,2 шақырым, ені - 28 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған.
Қазіргі таңда жол негізін салу, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары, жаяу жүргіншілер жолын салу және суағарлар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Қызылсай тұрғын алабының тұрғындары кездесулерде көптен бері жол мәселесін көтеріп келген.
Нәтижесінде қала әкімінің бекіткен іс-шаралар жоспарына еніп, маусым айының басынан бері аталған тұрғын алапта қала орталығына қатынайтын тура жолдың құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде салынып жатқан теміржол асты өткелінің құрылысына жалпы 10 техника жұмылдырылған.
“Қала орталығына бару үшін бұрын айналып өтетін жолмен жүретінбіз. Ауа-райы қолайсыз мезгілдерде жедел жәрдемнің қатынауы өте қиын еді. Тұрғын алабымыздың осы жол мәселесі енді қолға алынды. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолды жөндеу жұмыстарына кірісті. Міне, шаруа қарқынды жүріп жатыр. Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық,”– дейді тұрғындар.
М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс барысын ширатып, нысанды мерзімге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.