М.ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТТЕ ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАР САНЫ АРТАДЫ

М.ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТТЕ ӨНДІРІСТІК АЛАҢДАР САНЫ АРТАДЫ

Бүгінде қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл туралы бүгін Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумағын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады.
Жаңадан құрылатын аумақтардың 2-уі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, қалғаны жаңадан құрылатын алаңдар. 306 гектар «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асады. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын 42 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн. АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі - 161,3 млн теңгені құрайды.
Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн. теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған.
Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.
Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру, синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады.
Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылатын болады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық ведомствомен бірлесіп Отбасының цифрлық картасында...