Жыл басынан бері қалада кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Іскер қала» бағдарламасы аясында 153 жобаға 412 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
SILKWAY ALLIANCE паркінде бүгінде 6 кәсіпорын шоғырланған. Мұндағы өндіріс ошақтары тұрмыстық химия, трансформаторлық жиһаздар мен полиэфирлі шайырдан жасалған бұйымдар өндірумен айналысады.
Еске салар болсақ, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс ошағын аралап, кәсіпкерлердің талап-тілектерін тыңдаған болатын. Түрлі бағытта іске қосылған зауыт-фарбрикаларда қазір 50-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорындар жылына 76 млн теңгенің салығын төлеуде. Бұл жалдау шығынынан 6,5 есеге артық.
Қала әкімі Қайнар май өнеркәсіптік саябағында орналасқан 5 кәсіпорынның жұмысымен де танысты. Мұндағы өндіріс ошақтары құрылыс индустриясына арналған ВР-торларды, тамақ өнімдерін, тұрмыстық химия шығарып, шойын мен болат құю өндірісімен айналысуда.
Цехтарда қазір 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орындары жылына 12 млн теңге салық төлеуде. Алдағы уақытта парк аумағы 2 мың шаршы метрге ұлғайып, мұнда жаңа жобалар іске қосылады.
Қазіргі таңда кәсіпорындардың жалдау ақысының 75%-ы «Іскер Қала» іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттен төленуде.
Бағдарламада жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 1 пайыздық мөлшермен 10 млн. теңгеге дейін несиелендіру, өндіріске бағытталған 2 пайыздық мөлшермен 50 млн. теңгеге дейін несие беру қарастырылған.
Сондай-ақ жергілікті бюджеттен шағын кәсіпорындардың өнеркәсіптік парктердегі үш жылдық жалдау ақысының шығындарын 25-75% дейін өтеу тетігі де қамтылған.
«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 33 мыңға жуық кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға қолдау көрсетілуде. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде, бүгінге қалада белсенді кәсіпкерлік нысандар саны 124 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 52 пайызға артты, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.