Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығы, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Қонаев даңғылының 3-ші кезеңін, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңін, Өтегенов көшесінің жалғасын, Темірлан тас жолы және А-2 автомобиль жолындағы үш жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз брифингте мәлімдеді. Мұрат Дүйсенбекұлы халықты инфрақұрылыммен қамтуда бірінші кезекте, ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін шешуге көңіл бөлінгенін жеткізді. Аталған мәселелер шешімін тапқан соң көлік инфрақұрылымын дамытуға мән беріліп жатқанына тоқталды.
– Салаға ауқымды қаражат қажет етуіне байланысты ірі жобалар кейінгі жылдарға шегеріліп келді. Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38,0 млрд теңгеге жеткізіп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайтылды - деді қала әкімі.
Шымкент қалалық Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданында бүгінде 27 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 6 801 жеке секторлы үй, 2 мектеп, 3 балабақша және 3 спорт алаңшасы орналасқан.
Самал-3 шағын ауданында 63 көшенің қазір 30-ы асфальтталған, 30-ына шағал тас төселген болса, үшеуі топырақ жол. Айта кетейік, 2025 жылға қарай шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Мәселен, өткен 2022 жылы Б.Момышұлы көшесінің жалғасы 1,2,3,4, Құрманғазы, Қайсенов, Өскенбай, Ерубаев, Аманжолов, Баршын көшелері жөнделген. Биыл 15 көше жөнделеді деп күтілуде, сондықтан көрсеткіш 49 пайызды қамтиды.
Ал 2024 жылы 8 көше, 2025 жылы 10 көше жөнделсе, асфальтталу жұмыстары 100 пайызға қамтылған болып саналады.
Сонымен қатар биылғы жылы Яссауи көшесі жарықтандырылады. Сондай-ақ, 2024 жылы Сыздықов, Б.Момышұлы көшелері, 2025 жылы Б.Әлменов, Б.Саттарханов, Ж.Серікбаев, Ә.Тәжібаев көшесі жарықтандырылмақ.
Жалпы Самал-3 шағын ауданы 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен, талшықты интернетпен қамтылған.
Нәтижесінде мегаполисте жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54 пайыздан биыл 71 пайызға жеткізу көзделуде, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.