Шымкент қаласы биылғы оқу жылында да цифрлық білім беру үдерісінде республика бойынша көш бастады. Қалалық білім басқармасына қарасты орта білім беру ұйымдары элекрондық журналды жүйелі толтыруы, мектеп мәзірінің сандық нұсқасын талапқа сай жүргізуі нәтижесінде осымен алтыншы рет «Алтын түйме» белгісін иеленіп отыр. Бұған дейін жергілікті білім ұйымдары «Алтын түйме» белгілеріне 2020-2021 оқу жылында – 2 рет, 2021-2022 жылында -2 рет және 2022-2023 оқу жылының І жартыжылдығында ие болған еді.
«Алтын түйме» белгісі Kundelik.kz жүйесіндегі мәліметтер негізінде білім ұйымдарының электрондық журналдарды сапалы және уақтылы толтыруы ескеріле отырып беріледі.
Аталған электронды журнал педагогтердің қағазбастылық жұмысынан арылту және оқушылар мен олардың ата-аналарының кез-келген уақытта сабақ кестесін, бағалар тізімін, сабақ реттілігін көру үшін ашықтық мақсатында пайдаланылуда. Күнделік электронды журналын жүргізуде жүйенің ұсынған қызметтері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтары мен жаңа бағдарламаларына сәйкес және төтенше жағдай жарияланған кезеңде мұғалімдер мен оқушыларға жүйелі жұмыс жасауға жағдай жасалғандығын айтуға болады. Күнделік ЖШС-ның пайдаланушылары мұғалімдердің электронды журналы, оқушылардың электронды күнделігі, ата-аналарға арналған бақылау қызмет түрлері мен мобильді қосымшаларын, апта сайынғы талдау және есептілік жүйесін, КүнделікТрекер қызметін, пәндер бойынша дайын бейнесабақтарды қарау, онлайн сабақтарды ұйымдастыру үшін MS Teams платформасында бейнеконференцтер жасау жұмыстарын жүйелі, әрі ақысыз қолданып келеді.
Күнделік электронды жүйесінде педагогтер журналды жүргізіп, оқушылар күнделіктері мен жүйедегі бейнесабақтарды көре алады, ал ата-аналар өз балаларының бағаларын, сабақ кестесі мен қатысуын бақылай алады. Айта кетейік, әр жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірлер арасында «Kundelik.kz» компаниясы ұсынған «Алтын түйме» белгісі табысталып тұрады, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.