Бүгін Арбат демалыс аймағында Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанаты Шымкент қалалық филиалы бірлесе ұйымдастыруымен «Dombyra party» өтті, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.
Мақсаты – ұлттық музыканы, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қазіргі сәнге айналдыру және қазақтың төл аспабын насихаттап, ұлттық өнерді паш ету.
Іс-шараға Шымкент қаласы «Miras» кеңесінің мүшелері, Шымкент қаласы «Жастарды қолдау» кеңесінің мүшелері, Жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, Саз колледжінің оқытушылары, мектеп оқушылары, «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері, Падишах және Балдаурен би топтары қатысты.
Ұлы мұрамызды ұлықтайтын іс-шараға 50-ден аса жас күйші қатысып, домбырада түрлі күйлер мен әуезді әндерді орындады.
Іс-шара соңында домбырашыларға алғыс хаттар мен домбыра мүсіндері естелікке табысталды.
Еске салар болсақ, қала күніне орай Балалар саз мектебі ашылған болатын. Саз мектебінде балалар мектептен тыс қосымша білімдерін жетілдіріп, тұла бойындағы ерекше қабілеттерін шыңдай алады. Мәселен, мұнда оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар, үрмелі аспаптар класы бар. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореграфия, вокал, көркемсурет, хор орындау - бұлар қаламыздағы мектеп оқушыларын әр қырынан толықтай ашады.
Үш қабатты ғимараттың техникалық жабдықталу жағы жоғары сапада жасалған, мұндағы музыкалық аспаптар арнайы Германия зауытынан тапсырыспен алынған. Би өнеріне арналған кең, ауқымды залы 150 шаршы метрді құрайды.
Айта кетейік, жаңа саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебенінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланған.
Сондай-ақ, балаларға білікті, академиялық консерваториялық білімі бар кәсіби мамандар сабақ береді.
Мектеп түлектері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық конкурстардың жеңімпаздары. Саз мектебінің ашылу сәтінде көпшілік осында оқитын балалардың қолөнер туындыларын тамашалап, ән-би тобының концертіне ризашылықпен қол соқты.