Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік автомобильдерді заңдастыруда.
Аталған шараның аяқталуына санаулы күндер қалды.
Осыған байланысты мамандандырылған ХҚКО және әкімшілік полиция басқармаларының процессингтік орталықтары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Яғни, 1 шілдеге дейін жұмыс уақыты дүйсенбі-жұма күндері сағат 09.00 - ден 20.30-ға дейін, сенбі күні сағат 09.00-ден бастап сағат 19.30-ға дейін созылды.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады. Алайда, өтінім берген Қазақстанның барлық азаматтарына 1 шілдеге дейін автомобильдер заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, көрсетілген мерзімнен кейін автомобильдерді заңдастыру құқығы берілетін болады.
Сондай-ақ, есептен шығармау себебінен заңдастыру мүмкін болмаған автомобильдерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Яғни, көрсетілген мерзім өткеннен кейін немесе бастапқы кезеңнен өткеннен кейін кері әкету туралы міндеттемемен 5 жыл мерзімге уақытша есепке алынады.
Уақытша есепке қою кезінде көлік құралын тіркеу туралы куәлік және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмірлік белгілері берілетін болады (МТНБ үшін мемлекеттік баж төленеді – 9 660 тг., КҚТК-4 313 тг. ал әдеттегі тіркеу үшін алым-863 тг.).
Тіркеу туралы куәлікте мынадай жазбалар көрсетіледі: уақытша есепке алу, иеліктен шығару және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығу құқығынсыз. Шет мемлекеттің тіркеу құжаттары мен мемлекеттік нөмірлік белгілері "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясына сақтауға тапсырылатын болады.
Егер Қазақстан азаматтары оларды елден тыс жерлерге әкету туралы шешім қабылдаған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының КҚТК және МТНБ тапсыруы тиіс, содан кейін оларға тіркеу құжаттары мен шет мемлекеттің МТНБ қайтарылатын болады.
Сондай-ақ, міндетті автосақтандыру және жол қозғалысы саласындағы заңнаманың соңғы өзгерістеріне сәйкес Қазақстан азаматтары 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автомобильдерге міндетті автосақтандыру полисін рәсімдей алмайтынын, сондай-ақ, заңдастырудан өтпеген шетелдік есепке алынған автомобильдерге қолданыстағы автосақтандыру полисін ұзарта алмайтынын хабарлаймыз.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес міндетті автосақтандыру полисінсіз автокөлікті басқарғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылғанын еске саламыз.
Бұдан басқа, аталған жағдайларда полиция қызметкерлері автомобильдерді тоқтатып, оларды арнайы тұрақтарға жеткізуге құқылы.