Еліміздің бас полицейі Марат Ахметжанов миллионнан астам халқы бар шырайлы шаһар тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Мегаполистің орталығында орналасқан «Түркістан» сарайына министрмен кездесу үшін 1500-ге жуық адам жиналды.
Маңызы зор жиынға ІІМ Марат Мұратұлы төрағалық етіп, кездесуді халыққа есеп беруден бастады. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі және Шымкенттегі криминогендік ахуалға тоқталып, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ, қоғам арасында кең тараған : интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, пәтер ұрлығы мен есірткі қылмысына қарсы қандай нәтижелі жұмыстар атқарылғаны және олардың жолын кесу бағытында әзірленіп жатқан жаңашылдықтар туралы сөз қозғады.
Баяндамадан кейін сөз кезегі қала тұрғындарының сауалдары мен ұсыныстарына берілді. Микрофон алдында кезекке тұрған азаматтардың кейбірі полиция қызметіне алғыс білдірсе, енді бірі жеке сұрақтарымен жүгінді.
Екі жарым сағатқа созылған есептік кездесуден соң ведомство басшысы өңір тілшілерімен брифинг өткізіп, әрі қарай 3 сағат бойы халықты жеке қабылдады.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов азаматтардың 140-тан астам сұрағына жауап берді. Оның ішінде, 18-і есептік кездесу кезінде, 42-і жеке қабылдау барысында , үшеуі электронды почтаға , қалғаны call орталық арқылы қойылған сауалдар болды.
Қызметтік сапар соңында, еліміздің бас полицейі Шымкент ҚПД-нің жеке құрамымен кездесу өткізіп, қызмет барысындағы кемшіліктер мен артықшылықтарды ашып айтты. Сондай-ақ, қызмет барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген Ұлттық ұлан, Қылмыстық-атқару жүйесі мен Полиция департаменті қызметкерлерін жеке өз бұйрығымен марапаттады. Содан соң, Жедел басқару орталығына келіп, қала тіршілігін бейнекамералар арқылы бақылады.