Қытай Халық Республикасының өнеркәсіп саласы бойынша бір топ делегациясы «Turkistan» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақтың жұмыс барысымен танысты. Кәсіпкерлік құрам Түркістан қаласына жасаған іссапары барысында екіжақты бірлескен көрме өткізеді. Кәсіпкерлер өздерімен бірге әкелген ыдыс-аяқтан бастап, киім-кешек, аяқ-киімдер, қуаттағыш құралдар, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және басқа да тауар түрлерін ұсынады.
Айта кетейік, Түркістан қаласындағы дайын екі өндіріс алаңының бірі, қазақ-қытай бірлестігі аясында ашылады деп күтілуде. Аталған өндіріс алаңында шұлық шығарылады. Сондай-ақ ерлер костюмін тігу де жоспарлануда. Қытайлық әріптестер жиын барысында ірі жүк көліктерінің бөлшектерін жасау, телефон қуаттағыш, құлаққап және үш дөңгелекті скутер, мотоцикл шығару бойынша ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге, бірлескен жобалар санын арттырып, тәжірибемен бөлісу және нәтижесінде жұмыс орындар санын көбейту мәселесі де қозғалды.
Биыл мамыр айында облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасында болды. Іс-сапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру.
Ондағы бірнеше қалаларда орналасқан әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысқан делегация, Түркістан облысындағы өңдеу өнеркәсібі саласында жаңа кәсіпорындар құру мүмкіндіктерін қарастырды. Бұл бағытты дамыту үшін облыс орталығының әлеуеті жоғары. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар бірлескен жобалар жүзеге аспақ.
Бүгінгі кездесу барысында «Turkistan» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы ЖШС-нің Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы кәсіпкерлерге көрсетілетін мүмкіндіктерді айтып берді. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен таныстырды.
Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар. Әр ауданның мүмкіндігіне қарай салалар дамыған. Индустриалды аймақта инвесторларға көрсетілетін жеңілдіктер көп. «Индустриалды аймақ – өңірдегі барлық кәсіпорындарды бір аумаққа жинап, кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, бизнесін дамытуға тікелей жұмыс жасайтын орталық. Мұнда әр кәсіпкер, дайын инфрақұрылымға өзі кәсіп ашып, дамыту арқылы ие болады. Оған қоса су, газ, жарық т.б. инфрақұрылымдар зауытқа дейін жеткізіліп отырады. Одан өзге, дайын өндіріс алаңдары (Brownfield) арқылы зауыт салып, уақыт жоғалтпай өндірісін бастап кетуге мүмкіндік бар.
Платформаның мақсаты – тауардың бағасын арзандату, сапасын арттыру және алып-сатарлар санын азайту.
Осы мақсатта Түркістанда екі ел өндірушілерінің көрмесі өтіп жатыр. Аймаққа инвестиция тартып, жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруды мақсат еткен іс-шарада жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды.
Атап айтқанда, киім, аяқ киім, ыдыстар, текстиль өнімдері, электр машиналары, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және Түркістан облысы бойынша тамақ, жиһаз, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.
Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол.
Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие.
Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га – Оранғай, 180 га – Түркістан, 35 га – Кентау) және әуежай (967 га).
Үшіншіден, туризмді дамыту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден туристер ағынының артуы байқалады.
Сапар барысында Қытай делегациясы «Turkistan» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапары кезінде екі елдің, оның ішінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі, автомобильдер жасау, пластмассадан бұйымдар жасау, робототехника т. б өндірісті дамытуда бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын. Бұл кездесулер нәтижесін беріп, жақын күнде Түркістан қаласының Индустриалды аймағындағы дайын өндіріс алаңында (brownfield) қазақ-қытай бірлесуімен шұлық және ерлер костюмін шығаратын зауыт ашылмақ. Мұндай ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған.
Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі - әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
ТҮРКІСТАН: ҚЫТАЙЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ
