ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ЕЛГЕ ҚАЖЕТТІ ӘРІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕТІН НЫСАНДАР САЛУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛСІН»

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ЕЛГЕ ҚАЖЕТТІ ӘРІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА СЕРПІН БЕРЕТІН НЫСАНДАР САЛУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛСІН»

Түркістан облысында және Түркістан қаласында салынатын әрбір нысанның құрылысы сарапшылардың талдауынан өтіп барып жүзеге асады. Оның сәулеті, идеологиялық мәні талқыланып, құрылыс материалдары да қатаң сараптаудан өтуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен сәулеттік жобалар талқыланған жиында облыста салынатын және салынуы ықтимал нысандардың жобасы сараланды. Өңір басшысы әрбір сәулеттік жобаға жеке-жеке тоқталып, жауапты басқарма мен мамандарға тиісті тапсырмалар берді.
– Елге қажетті әрі туризмді дамытуға серпін беретін нысандар салуға басымдық берілсін. Бос, қолданылмай тұратын ғимараттар керек емес. Жаңа ғимараттар қаланың Бас жоспарымен және даму тұжырымдамасымен үндесуі тиіс. Мәселен, спорт ғимараттарын алайық. Қанша ғимарат керек? Қайда орналасқаны жөн? Ол салынған тұрғындарға қаншалықты оң әсер етеді? Мәдениет, туризм, білім нысандарын салуда осы сұрақтар назарға алынып, сәулетшілер аталған сала өкілдерімен ақылдасулары қажет. Әр ғимарат қаланың сәніне сән қосатындай сәнді әрі өзара үйлесімді болғаны абзал. Тарихи-мәдени орталық маңындағы жеке үйлерден саяхатшыларға арналған шағын хостелдер жасақтау үшін жобалар ұсынылсын. Ол үйлер қазақы нақыштағы ою-өрнектермен безендірілуі керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте облыста жүзеге асырылуы мүмкін 13 нысанның сызбанұсқасы ұсынылып, талқыға түсті. Түркістан облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Нұрлыжан Бөкебаев Шығыс базары, «Жайлы мектеп» жобасы арқылы салынатын білім ұясы, Мәдени-рухани орталықтағы автотұрақ, әкімшілік-іскерлік орталығындағы аллея, жаңа туристік бағыт, Сайрам ауданындағы «Неке сарайы» жобалары туралы баяндады. Сонымен бірге жиында Түркістан қаласында гимнастика мектебін, Олимпиадалық резерв мектебін және Жоғары спорт шеберлігі мектебін салу арқылы спорт қалашығын қалыптастыру жөнінде ұсыныс берілді. Бейнелеу өнері мұражайын салу мен Б.Саттарханов көшесінің бойына кіші сәулеттік формаларды орнату жобасы да ұсынылды. Аталған жобалар туралы Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің, «Сәулеттік бюро» мекемесінің басшысы Еркін Жүсіповтің де ұсыныстары тыңдалды.
Жобалардың кейбірі қолдау тапса, бірқатарын толықтыру жөнінде тапсырма берілді.
Еске салатын, Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында облыс аумағында туризм саласының дамуы туралы талқылау жиыны өткен болатын.
Еркін форматтағы мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық туризм және мәдениет басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әділ Қонысбеков, жауапты сала мамандары мен оңтүстіктің туризм саласы өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жиынға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жауапты басшылар, қонақ үй мен мейрамханалардың негізін қалаушылар, гидтер, туроператорлар, қоғам белсенділері шақыртылды.
Бейсен Дәулетұлы биыл күзде Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен маңызды жиын өткізу көзделіп отырғанын хабарлады. Ауқымды шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылады.
Алдымен туризм саласында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалар таныстырылды. Түркістан өңірінде тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризм бағыттары бойынша жұмыстар атқарылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, облысқа 2022 жылы 470 мың турист келген. 2023 жылдың 5 айында көрсеткіш 100 мыңды құрап отыр. Статистика EQONAQ туристерді есепке алатын бірыңғай ақпараттық жүйесіне тұрақты түрде енгізіледі. Туристік компания мен қонақ үйлердің мәліметі бойынша наурыз, мамыр және тамыз айларында сұраныс жоғары.
Туризм саласына тартылған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бұл тұста жеке инвесторлардың белсене атсалысқаны байқалады. Жыл соңына дейін 16 жоба және 20 оқиғалық туристік іс-шара өткізу жоспарлануда. Әуе рейстерінің аясын кеңейту қолға алынды. Өзбекстан Республикасымен туризмді дамыту келіссөздері жүргізілуде. Қазақстанның өзге де аймақтарымен ынтымақтастық орнатылады.
Басқосуда инфрақұрылымды жүйелеу, экологиялық белсенді және балалар туризмін дамыту, гидтермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу және оларды оқыту, ақпараттық-танымдық кітаптар шығару, жобаларды туризм саласының өкілдерімен кеңесе жүзеге асыру жөнінде ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, алаңдатқан сауалдарға жауаптар берілді.
Жиынды ұйымдастырушылар барлық айтылған сындар, көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын және облыстың туризм саласын дамытуда бірлесіп нәтижелі іс атқарылатынын жеткізді.
Сондай-ақ, Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті - туризм индустриясын ұйымдастыру және қонақжайлылық салаларын дамытатын мамандарды даярлайтын Қазақстандағы алғашқы бейінді университет болып табылады.
Бүгінде оқу ордасы жас талапкерлер үшін 2023-2024 оқу жылына 800 грант бөліп отыр. Оның ішінде туризм, мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі мамандықтарына ерекше көңіл бөлінген. Университетте бас ғимарат, оқу корпусы, 4 жатақхана, спорттық сауықтыру кешені бар. Қазіргі уақытта Польша, Қытай, БАӘ, Таиланд, Сингапур, Австрия, Түркия және Франция оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен келісімшартқа отырған. Сондай-ақ шетелде тәжірибе алмасу, арнайы лабороториялық кабинеттер, тілдік курстармен қамтамасыз етілген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қостанайға жұмыс сапары барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.Нағаспаев өңірдегі бірқатар өндірістік нысандарды аралады. ​Министр Индустриалды аймақтағы Kia...

Мәртебелі меймандар Қаржы орталығының жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік...