СОЗАҚ: М. ТҰРЫСБЕКОВ: «АЛДАРЫҢЫЗҒА КЕЛІП, ЕСЕП БЕРУДЕГІ МАҚСАТЫМЫЗ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАП АЛУ»

СОЗАҚ: М. ТҰРЫСБЕКОВ: «АЛДАРЫҢЫЗҒА КЕЛІП, ЕСЕП БЕРУДЕГІ МАҚСАТЫМЫЗ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АЙҚЫНДАП АЛУ»

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округіне барып, ел алдында есеп берді. Жиын барысында ауданда қолға алынып жатқан жаңа жобалар жайында баяндап, алдағы міндеттерді ашық айтты.
-Аудан көлемінде қолға алған бірқатар ауқымды жобаларымыз басталды. Алда атқарар жұмыстар да жетерлік. Алдарыңызға келіп, есеп берудегі мақсатымыз алдағы міндеттерді айқындап алу. Созақ ауылдық округінде сұраныстарыңызға орай көптеген жұмыстар жасалуда. Әлі де жасалар жұмыстар бар. Бір жылдың ішінде атқара салу мүмкін емес. Барлық ауылдардағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Биылғы жылы Көктөбе, Ыбырай елді мекендерінің ішкі көшелеріне 100 пайыз асфальт жол төселіп, көше жарықшамдарымен қамтылады. Бұдан бөлек, Созақ ауылынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 1000 орындық спорт алаңы мен Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің жаңа ғимараты ел игілігіне беріледі. Аталған құрылыс нысандары тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі болатын.
Сондай-ақ Созақ ауылынан 5 көше орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отыр. Оспанов, Өткелбаев, Мәтенбаев көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толықтай аяқталды. Жамбыл және Құрманғазы көшелері жақын күнде аяқталады.
Тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Созақ ауылының ішкі көшесінің 100 кВА-тық 4 ескі трансформаторлары жаңа 250 кВА- қа ауыстырылды. Түркістан көшесіне қосымша жаңа 160 кВА-тық трансформатор орнатылды.
Сонымен қатар, жиында аудан басшысы Республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының маңыздылығына тоқталып өтті.
- Ауыл халқының табысын арттырып, әл-ауқатын жақсарту мақсатында іске асып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын тиімді пайдалану керек. Бұл еңбекқор халқымызға және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар мен шаруаларға берілген үлкен мүмкіндік,-деп осы салаға жауапты мамандарға түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізуді тапсырды.
Жиын соңында тұрғындар аудан әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді. Келелі жылға да бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Жиынға бірқатар бөлім, мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қостанайға жұмыс сапары барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.Нағаспаев өңірдегі бірқатар өндірістік нысандарды аралады. ​Министр Индустриалды аймақтағы Kia...

Мәртебелі меймандар Қаржы орталығының жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік...