Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Сіздер үшін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы және «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен биылғы жылдың 17-18 тамыз күндері Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында «Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі» өткізіледі.
Аталған шарада қала тұрғындары мен қонақтарына еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істеп жатқан ірі құрылыс компаниялары тұрғын үй сатып алуда азаматтарға бірқатар жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында несиелік баспанаға қол жеткізудің бағыттары мен шарттары кеңінен түсіндірілмек.
Бүгінде Шымкентте мемлекет бюджеті есебінен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жылы тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға 888 пәтер, несиелік бағытта 2037 пәтер берілу көзделіп, оның ішінде қазіргі таңда 902 азамат 5-20-25, 2-10-20 «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша қамтылды.
Айта кететін, биыл Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 2833 пәтер жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша Отбасы банк арқылы тапсырылады.
2023 жылы 8 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберіс алаңы, жертөлесі және қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы баспаналы болды. Оның ішінде, 1047 пәтер "5-20-25" бағдарламасы бойынша, 246 пәтер "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша рәсімделді.
«Бақытты отбасы» бағыты бойынша жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.
Бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады.