Шымкентте қайтарымсыз мемлекеттік грант иегерлері түрлі кәсіпті дөңгелетіп отыр. Бірқатар жобалар қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында таныстырылды.
Киіз басып, текемет тоқуды кәсіп еткен қолөнер шебері Мадина Ахметованың бұйымдары бүгінде АҚШ –та өтіп жатқан халықаралық көрмеде ұсынылуда. Көпбалалы ана түрлі бұйымдарын ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріп, дайындайды.
- Былтыр мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, киіз басатын құрылғы сатып алдым. Мен үшін бұл үлкен көмек болды. Грант қаржысына алынған қондырғы жұмысымды жеңілдетіп, тауар түрлері мен көлемін арттыруға сеп болуда , - дейді грант иегері.
Сондай-ақ журналистер арболитті блок шығарумен айналысып, бүгінде қосымша екі азаматты жұмыспен қамтып отырған Нұрымжан Шойбековтың жұмысымен де танысты. Грант иегері қайтарымсыз қаражатқа құрал-жабдық сатып алған. Нәтижесінде өнім өндіру қуаттылығы артқан. Кәсіп иесінің айтуынша, құрылыс материалы экологиялық таза әрі өте тиімді. Шымкентте қазіргі таңда арболитті блокты шығаратын жалғыз өндіруші - грант иегері. Тауарға тапсырыс көбінесе Алматы қаласынан түсуде.
Жалпы, былтыр қалада «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 400 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант иегері атанған 1096 азамат қазір өз қызметін салық органдарында тіркеп, есептерін тапсырған.
Мамандар қаражаттың мақсатты жұмсалуына қатысты ұдайы тексеру жүргізіп отырады.
Басқарма тарапынан былтыр грант алған 893 азаматтың кәсібіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 827 азамат жұмыс орнын ашып, қосымша 25 азамат жұмыспен қамтылды.
Биыл әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лекте 6 мыңға жуық азаматтан өтінім түсіп, 227-не оң шешім қабылданған.