Шымкент қаласының цифрлық «Ашық картасы» әзірленді. Картада қала бойынша жер сауда-саттығы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары, қаланың бас жоспары, егжей-тегжейлі жоспары, қызыл сызықтар, шекаралар, құқық бұзушылық картасы, бос жер учаскелері бойынша өзекті ақпараттар орналастырылған.
Сонымен қатар, ақпараттық жүйе бойынша 16 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Атап айтқанда, сәулет, қала құрылысы саласында - 8, жер қатынастары саласында - 8 мемлекеттік қызмет.
Айта кететін, биыл Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 2833 пәтер жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша Отбасы банк арқылы тапсырылады.
2023 жылы 8 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберіс алаңы, жертөлесі және қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Шымкент жұртшылығы көптен күткен «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген Оқушылар сарайы бүгін Қала күніне орай қолданысқа берілді. Мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашады.
4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады.
Шымкент қаласының геоақпараттық жүйесіне https://geo-shym.kz сілтемесі арқылы өтуге болады.