Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы бірнеше кәсіпкерлік нысандарында болып, жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын көбейту, шетелдік нарыққа шығу жөніндегі жоспарларын, өтініштерін тыңдады. Қандай қолдау қажет екенін сұрап, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді.
Бүгінде Түркістандағы «ASIA BREND» жиһаз компаниясы жылына 22000 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Жылдық қаржылық айналымы – 1,1 млрд. теңге. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи үлгідегі технологиялар қолданылатын кәсіпорынның жиһаздарына өз елімізбен қатар көршілес мемлекеттерден де сұраныс бар. Облыс әкімі кәсіпкерге жобаның қуаттылығын арттырып, эскспортқа жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Өңір басшысы қаланы аралау барысында өз үйінің іргесінен балық шаруашылығын дамытып отырған «Нұржан» жеке кәсіпкерлігінде болды. Кәсіпкер Нұржан Елеусізовтің айтуынша, жоба толық қуатымен жүзеге асса, жылына 4-5 тонна балық өндіре алады. Дегенмен шаруашылығын кеңейту үшін мемлекеттік қолдау, қосымша қаржы қажет. Облыс әкімі тұрғынның өтініші бойынша қолдау көрсетілетінін айтты.
– Балық шаруашылығы табысты әрі тиімді. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасына қосылған ауыл округтерінде осы саланы үйретіп, жеңілдетілген несиені берген жөн. Әр отбасы осы кәсіппен айналысып, таыбысын арттырса, жұмыссыздық мәселесі де шешіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері осындай шаруашылықтарға қолдау көрсетуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Дархан Сатыбалды осы күні «IDEAL TURKESTAN» ЖШС-нің әлеуетімен танысты. Жиһаз зауытында 50 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс бар. Кездесуде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану, өндірісті жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Түркістан өңірінің жиһаз шығару саласындағы әлеуетін жоғары бағалаған облыс әкімі бұл бағыттағы жобаларды жетілдіре түсу, экспортты ұлғайту маңызды екенін, осыған қатысты ұсыныстар қаралатынын жеткізді.
Сонымен қатар, «TURKESTAN» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады. Олар - «Асфальт бетон», «Газоблок», «Газобетон» зауыттары.
Ал баспанамен қамту саласында 2022 жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нақтырақ айтқанда 2 667 пәтерлі 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды.
Инфрақұрым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37 655 абонент таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауызсумен қамту деңгейі 98,5%-ға жетпек. Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9%-дан 94,7%-ға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95%-ға жетті.
Кейінгі жылдарға қарасақ, қаланың жан-жақты дамуында бірқатар нәтижелердің оң үрдісі байқалады. Атап айтқанда, биылға келіп Түркістан қаласында 12 088 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 268,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке төленген салық көлемі 8,1 млрд теңгеге жеткен. Облыстағы Turkistan арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарында жалпы құны 553,6 миллиард теңге болатын 80 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 2025 жылға дейін маңызды жобаларды іске асыру нәтижесінде өңір экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталатын болады. ҚҰРЫЛЫС Құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Енді 2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Жалпы, соңғы үш жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылған. Халықты баспанамен қамтамасыз ету ең басты қажеттіліктің бірі десек, Түркістан қаласында 4 жылда жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр (15 411 пәтер, 1 001,1 мың шаршы метр). 2019-2021 жылдары 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді (5 433 пәтер, 342,9 мың шаршы метр). Бүгінде жаңа қаланы ауызсумен қамтамасыз ету де жақсы жолға қойылып келеді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында ауызсу құбырларын қайта жаңғырту мақсатында бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары (7-шағынаудан, Хлопзавод, Ремзавод, бірінші және екінші Яссы-Шавғар, Теміржол) қатар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қосымша 7 500 жеке тұрғын сапалы ауызсу құбырымен қамтылатын болады. Кәріз жүйесімен 30,5 пайызға қамтылған. Оның аумағын қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.