ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен қала әкімдігінде кеңейтілген мәжіліс өтіп, өзекті мәселелер сараланды. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылған жұмыстармен қатар, түйткілді мәселелерді де көтерді.
Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 165,4 мың адамнан 221 мыңға адамға жетті. Өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15 млрд. теңге болса, 2023 жылға 17,8 млрд. теңге болып, өсім 18,7% пайызды құрады.
Жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрады. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Жыл басынан бері қаңтар-наурыз айында 6,2 млрд. теңгенiң өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,2 % құрады. Өткен жылы қалаға 304,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биыл инвестиция көлемі 348,9 млрд. теңге болады деп жоспарланған. Қалада «TURKISTAN» индустриалды аймағы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 19 жоба орналасқан. 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.
2022 жылы Түркістан қаласына келуші зияратшылар мен туристердің саны 1451 мың адамға жетті. Жыл басынан бері үш айдың ішінде Түркістанды тамашалауға келгендер саны 130,5 мың адамға жетті, яғни былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% өсті. Бүгінде Түркістандағы орналастыру орындары – туристер тұру үшін және оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын қонақ үйлер, мотелдер, кемпингтер және басқа да ғимараттар мен құрылыстар саны 57-ге жетті. Ірі жобалар іске қосылып, туризм саласы жаңа қарқын алды. Бірнеше саябақ пен қонақ үйлер, ойын-сауық орталықтары ашылды.
Биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден асатын 6 мыңға жуық пәтер пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның 59 үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал жеке инвестиция есебінен 46 үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, Түркістан қаласын одан әрі дамыту мақсатында жаңадан салынатын 800 пәтерлі, 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы облигация есебінен (кредиттік тұрғын үй) басталып, нәтижесінде халық игілігіне 220 мың теңгеден ипотекаға беріледі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 15864 азамат тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп тұр. 2022 жылдың қорытындысымен 3155 пәтерді құрайтын 49 үй пайдалануға берілді. Оның ішінде ипотекамен 2683 пәтер, көп балалы отбасыларға 544 пәтер, әлсіз топтағы азаматтарға 244 пәтер тапсырылды.
Қала аумағында мектептердің мәселесін шешу мақсатында 7 мектептің құрылысын 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарланған.
Биыл облыс орталығында көпқабатты 66 үйдің (4295 пәтер) құрылысы жүріп, оның 59-ы (3377 пәтер) жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі. 7 үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі, жеке инвестиция есебінен көпқабатты 46 үй салынуда.
Шаһар басшысы қала әкімдігі тарапынан құрылыс сапасына қатысты көтерілген мәселелер бойынша мердігерлерге 89 ескерту берілгенін, сотқа 82 хат жолданып, 8 мердігерге айыппұл салынғанын, облыстық сәулеттік-құрылыстық бақылау мекемесіне 22 ұсыныс хат жолданғанын атап өтті. Жұмысын толық аяқтамаған компанияларды жосықсыз деп танығанымен мәселе шешілмейтінін ескере келе, көпқабатты кей үйлердің кемшілігін демеушілер арқылы шешу қолға алынғанын жеткізді.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес техникалық қадағалаушы және авторлық бақылаушы мекемелердің жұмысы бұдан былай терең зерделеніп, оларға талап күшейеді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жаңа үйлердің құрылысымен қатар бұрыннан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, қаладағы 1-ші, 2-ші және «Отырар» шағынаудандарындағы, Бокин көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылады. Сондай-ақ балаларға арналған спорт алаңшалары орнатылып, саябақтар, гүлзарлар көгалдандырылуда.
Қалада кәріз жүйесімен қамту бойынша 7 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 3-уі биыл аяқталады. Сондай-ақ, 5 нысанның жобасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу басталды.
– Кәріз жүйесінің құрылысы аяқталмай жол салуды тежеп отырмыз. Қазіргі таңда қала тұрғындарының жайлылығы үшін жолдарға тас төсеп, амалдаудамыз. Ал, кәріз жүйесі жүріп өткен көшелерге асфальт жоспарлы салынып келеді. Жол құрылыстарын Ұлттық сапа орталығы арқылы тесеруді қолға алдық, - дей келе Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғындармен кездесу барысында бұл уақытша келеңсіздіктер жөнінде түсіндірме шаралары тұрақты жүргізілетінін мәлімдеді.
Облыстық басқарма басшылары жол-көлік қатынасы, сәулет пен жобалау, құрылыс пен абаттандыру, энергетика салалары бойынша бірлесе атқаратын жұмыстар жайын баяндап, ұсыныстарын ортаға салды.
Түркістанды дамыту – ортақ мәселе екенін тілге тиек еткен Зұлпыхар Жолдасов облыс тарапынан қажетті қолдау жан-жақты көрсетілетінін айтты. Мәжіліс қорытындысымен хаттама түзіліп, тиісті тапсырмалар белгіленді.
Түркістан облысы әкімі шахар халқымен кездесуде: "Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. Қаламызда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, ол үшін әкімдік тарапынан жағдай жасалып отыр. Биыл Түркістан қаласында қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсіп, былтыр 213 мың теңгені құрады. Қала бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 5 жылда 5 есе артып, былтыр 15 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қаламызда жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қаламызда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1062 пәтер) пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде", – деген болатын.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президентке ШЫҰ-ның қазіргі қызметі мен басым бағыттары жөнінде ақпарат берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның...

Премьер-министр ЭКСПО аумағындағы павильон-сфераға барып, Мемлекет басшысының іске асырылуы экономика өсуінің жаңа көзі саналатын цифрлы...