ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДАҒЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістандағы Октябрь Жарылғапов атындағы стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаланы кезекті аралау барысында стадионға барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
2050 жанкүйер сыятын стадионның құрылысы былтыр басталған. Жоба бойынша стадион толық жаңғыртылмақ. Келісімшарт бойынша аяқталуы мерзімі 2023 жылдың қараша айы. Қазіргі таңда жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 90%-ға аяқталған. Мердігердің мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары мерзімінен ерте аяқталуы мүмкін. Маңызды спорт нысанының құрылысын сапалы атқаруды тапсырған Дархан Сатыбалды стадион маңында «Шауғар» секторының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін, пікірлерін тыңдады. Тұрғындар облыс орталығындағы өзгерістерге оң бағаларын беріп, инфрақұрылымды жақсарта түсу жөнінде ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы Түркістанды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.
– Әкімдік тарапынан Түркістанның инфрақұрылымын жақсарту, асфальт салу және өзге де жұмыстар жалғасады. Өздеріңіз жұмыстарды көріп жүрсіздер. Түркістан бес жылда анағұрлым жаңарды. Туристер саны көбейді. Әрине, біз сіздердің өтініштеріңізді жылдам орындауға мүдделіміз. Бірақ кейде бюджет мүмкіндік бермейді, кейбір жобаларды жүзеге асыруға уақыт керек. Бір анығы, шаһарда жол салу, кәріз жүйесін реттеу, абаттандыру жұмыстары тоқтамайды. Дегенмен, сіздерге де өтінішім бар. Өз үйлеріңіздің сыртын әктеп, сырлап, сәндеп, ағаш егіңіздер. Тазалыққа үлес қоссаңыздар қаламыз одан әрі жайнай түседі. Осыған үлес қосайық, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі одан кейін Төле би - С.Ерубаев көшелері қиылысындағы кептелісті шешу бағытындағы жобаны қадағалады. Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Techtronic-Stroy» ЖШС жүзеге асыратын жоба арқылы жол қозғалысы реттеліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ.
Дархан Сатыбалды «Жолаушы» ЖШС-нің ғимаратында болып, жаңартылған автопарк жұмысымен танысты. «Жолаушы» компаниясы ұжымымен кездесуде облыс әкіміне қоғамдық көлік қызметін жақсарта түсу бағытындағы ұсыныстар мен өтініштер айтылды.
1966 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания қаладағы 22 жолаушылар көлігі бағытының 10-ында қызмет көрсетеді. 200-ден астам автобусы бар. Жобамен күн сайын 30 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. 2022 жылы 50 жаңа автобус алынса, компания 2023 жылы 60 автобус алуды жоспарлап, бірқатары сатып алынды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Осы арқылы 2025 жылы барлық бағытты жаңа автобустармен қамтуды көздеп отыр. Автобустар бейнекамералар, салқындату жүйесі орнатылған. Сонымен бірге жолақы төлеу автоматтандырылған.
Жалпы Түркістан қаласы әкімдігінің "Құрылыс" бөлімінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдық жоспарда бөлім тарапынан 11 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу қаралған. Бүгінде жоспар аясында бөлім 3 әлеуметтік нысан, 4 абаттандыру құрылысында, 4 нысанда инфрақұрылым жұмыстарын жүзеге асыруда.
Өткен жылы алғашқы кірпіші қаланған қалалық Мәдениет үйінің құрылысы бүгінде қарқынды жүруде.
500 орындықты көрермен залы бар нысанның 9 287 шаршы метр жеріне көгал егіліп, автотұрақ аумағымен де қамтылуда.
Одан бөлек, бөлім М.Тұрсынов көшесіндегі стадионды реконструкциялаумен айналысуда. Нәтижесінде стадионда 2050 орындық көрермен залы, автотұрақ аймағы орналасады.
Сонымен қатар, шаһардағы 32 гектар жерге инженерлік- инфрақұрылым жүйесі (кәріз, электр, ауыз су) тартылуда. Атап айтқанда, 4132 метрге су құбыры, 3490 метр жерге кәріз құбыры, 8225 метрге созылған электр желісі тартылуда.
"Арман" тұрғын үй кешенінде 5 қабатты 44 тұрғын үй мен Яссы көшесінде (2,98 гектар) абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Қазіргі таңда, бөлім тарапынан 10 нысанға жобалау- сметалық құжаттама әзірленуде. Нәтижесінде орталықтағы 5 мектеп күрделі жөндеуден өткізу көзделуде.
Бүгінде «Отырар» тұрғын үй кешенінде 6 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұнда 4021 шаршы метрлі 432 пәтер бар. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары, есік орнату, ішкі инженерлік желілерді және сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілерін жүргізуге және абаттандыруға толық қаржы қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың қыркүйек айында басталған, биыл тамыз айында пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар 7 қабатты тұрғын үйді инженерлік жүйелермен қамту және абаттандыру жұмыстарына тиісті қаржы қаралған. 2023 жылдың қараша айында ел игілігіне беру жоспарланған.
Одан бөлек, Түркістан қаласында 500 орындық жатақханасы бар 700 балаға арналған БИЛ мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталған нысанды биыл қыркүйек айында тапсыру көзделуде. Қазіргі таңда ғимартта ішкі әрлеу, сыртқы фасад, есік және сантехника орнату, керамогранит төсеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Түркістан қаласында 1,56 га аумаққа мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы салынады. Өңір басшысы бұл жұмыстың кешігіп жатқанын сынға алып, жауаптыларға тапсырмалар берді.
Сонымен қатар, халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.
Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі - Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30x60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген.
Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президентке ШЫҰ-ның қазіргі қызметі мен басым бағыттары жөнінде ақпарат берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның...

Премьер-министр ЭКСПО аумағындағы павильон-сфераға барып, Мемлекет басшысының іске асырылуы экономика өсуінің жаңа көзі саналатын цифрлы...