ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ «МҰЗ САРАЙЫ» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ «МҰЗ САРАЙЫ» ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістанда қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалуда. Еске саларлық, шахарымызда Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілді. Спорт нысанының ашылуына Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, спорт жанашырларын құттықтады.
– Бүгін тарихи күн. Еліміз үшін қастерлі Конституция күні қарсаңында Түркістан облысында алғаш мұз сарайы ашылды. Балалар мен жасөспірімдер мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек спорт түрімен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналысуға мүмкіндік алады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан бұқаралық спортты дамытудың жоспарлы жұмыстарының нәтижесі. Өңірімізде спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылым деңгейі жақсы дамып келеді. Алдағы уақытта ұлттық ат спорты үшін атшабардың, спорттағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты мен колледжінің ғимараты, спортшыларға арналған дәрігерлік диспансерінің құрылыстары жүргізіледі. Түркістандықтар осы қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, алдағы өтетін республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттемін. Жаңа спорт кешені баршамызға құтты болсын. Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығып, қасиетті Түркістанды барша әлемге таныта берсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Шараға сондай-ақ ҚР мәнерлеп сырғанау спорты федерациясының президенті Елена Те, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысып, түркістандықтарға жылы лебіздерін арнады.
Мұз сарайының ашылу рәсімінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды. Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкент қаласының «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасындағы жолдастық кездесуі өтті.
Айта кетейік, 1200 орындық Мұз сарайы 2 га аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.
Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын бар. Ал Түркістан қаласының өзінде тұрғындар саны 220 мыңнан асты. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа тарту аса маңызды. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес облыс орталығында 7000 орындық «Түркістан-Арена» стадионы, көпфункционалды «Олимпик Центр» спорт кешені, «Теннис орталығы», Олимпида резервін дайындайтын орталықтың спорт кешені, 7 ашық үлкен теннис корты, 75 заман талабына сай ойын алаңы, 45 балалар алаңы, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған 51 шақырымдық веложол салынды.
Сонымен қатар, Түркістанды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп аумағындағы 1,75 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. 1072,0 м2 жерге ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылынан әуежай бағытындағы 10,15 гектар аумаққа жайғасқан желілік саябақтың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Аумаққа 836 ағаш егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Мұнда арка, субұрқақ және шатырлар қарастырылған. Ал 159 м2 аумаққа ойын алаңдары салынады.
«Отырар» мөлтек ауданын абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Мұнда 2,34 гектар аумақты алып жатқан субұрқағы бар гүлзар мен Яссы көшесі бойын жағалай орналасқан гүлзар құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Жоспар бойынша мөлтек аудандағы 3 аулаға ойын алаңшалары, 3 аулаға спорт алаңшалары салынады. Қозғалмалы орындықтар мен түрлі дизайндағы мафтар аула ажарын аша түспек.
Айта кететін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.
Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі - Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30x60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген.
Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қостанайға жұмыс сапары барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.Нағаспаев өңірдегі бірқатар өндірістік нысандарды аралады. ​Министр Индустриалды аймақтағы Kia...

Мәртебелі меймандар Қаржы орталығының жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік...