ТҮРКІСТАНДА 55 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРЫЛАДЫ

ТҮРКІСТАНДА 55 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 158 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан 410 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (12%-ға артты). «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы аумағы 185 мың м2 құрайтын 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 3140 отбасы баспаналы болады. 5 жылда құрылыс көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд. теңгені құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды.
Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 5 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген.
Түркістан облысында биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Барлық қаржыландыру көздерінен жыл соңына дейін 855 мың шаршы метр тұрғын үй (5 мың 935 пәтер) іске қосылады.
Баспана «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында салынып жатыр.
Жыл басынан бері Қазақстанда 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелді. Жыл басынан бері 365,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61,6 мың шаршы метрге, 122,2%-ға асыра орындалды. Жалпы Түркістан облысында 7 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 150 млрд теңгені құрады. 2025 жылға дейін өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 4,9 млн шаршы метр немесе 46 мың тұрғын үй, оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде мемлекеттік қаражат есебінен 1,4 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 23 мың пәтер жалға беріледі және кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 78,1 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ 64 мың жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысындағы тұрғын үйлерді жаңғырту бойынша биыл 101 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 3,3 млрд теңге қарастырылған.
2025 жылға дейін 4,6 млрд теңгеге 240 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарлануда. Жалпы 2021-2025 жылдар аралығында 7,9 млрд теңгеге 341 көппәтерлі тұрғын үй жөнделеді.
Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұр­ғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есе­бінен көпқабатты 14 тұрғын үй кеше­нінің құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қала тұр­ғындарымен кездесуінде Түркістан қала­сының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының киелі қалаға ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасын орындау бағытында тиісті жұ­мыс­тар басталған.
Иә, 2018 жылдың жазында облыс орта­лығы мәртебесі берілген Түркіс­тан­да құрылыс ерекше қарқын алып, еліміздегі және шетелдегі ірі алпауыт компаниялары өз қызметін ұсына бастады. Қаланың бас жоспары қайта жасалып, рухани-мәдени және әкімшілік-іскерлік орталықтар бағытында дамытуға басымдық берілді. Екі бағытта да жаңа нысандар салынып, туризм саласы жандана түсті. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарын Түркістаннан бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйектегі сапарында көптеген оң өзгеріс болғанын атап өтті.
«Кейінгі жылдары Түркістанға тар­тыл­ған инвестиция көлемі 8 есе артты. Қаланың инфрақұрылымы жаңғырып, жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, 77 мың адамға арналған көпқабатты үйлер салынды. Шаһар жасыл желекке оранып, экологиялық ахуа­­­лы жақсарды. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мә­се­лесі шешілді деп айтуға болады», деді Президент.
Облыс орталығы мәртебесі берілген соң қалада 20 тұрғын үйдің (1 200 пәтер) құрылысы басталды. Ол көпқабатты 20 үйдің құрылысы 2019 жылы қабылдаудан өтіп, түрлі санаттағы тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Сонымен қатар «Түркістан» ӘКК АҚ жеке инвес­торлар есебінен салынатын үйлерге тапсырысшы болып, нәтижесінде қалада «Арман», «Сыр­дария», «Яссы» деп аталатын 5 қабатты 50 үйдің құрылысы бас­талды. Осылайша, өз қаржысына пәтер алуға ниетті азаматтарға да мүмкіндік жасалды. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты көшіп келген мемлекеттік қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 400-ден аса пәтер берілді. Қалалық құрылыс бөлімі 5 қабатты үйлермен шектелмей жаңа кезеңге бет бұрды. Бас жоспарға сәйкес облыс әкімдігі ғимаратын қоршай салынатын үйлерге де қойылатын талап жоғары болды. Сәулетшілердің жобаларын талқылау нәтижесінде, мақұлданған 7 қабатты 24 тұрғын үйдің (1 452 пәтер) құрылысы 2019 жылы басталды. Астана, Алматы қалаларының сәулетшілері өз жобаларын Түркістанда іске асырып, ерекше үлгідегі үйлер бой көтерді. Тө­мен­гі қабаты коммерциялық жайлардан тұратын үйлер күйдірілген кірпіштен немесе құйылмалы темірбетон монолиттен салынды.
Аталған бағдарлама кезек күткен немесе тұрғын үйге мұқтаж жас отбасы­лар­ға таптырмас мүмкіндік болды. Себебі үйлер аяқталған жаңа күйінде 1 шаршы метріне 180 000 теңге болып белгіленген. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Кара­ван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі бел­гі­леп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үй­лер­ге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. 2020-2022 жылдың қорытындысымен бюджет есебінен 89 үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 85 үйі қабылдаудан өтті. Нәтижесінде, 5 500-ден аса пәтер өз иесін тапты. Оның 1 200-ден астамы кезектегілерге тегін таратылса, 4 300-ден астамы ипотекамен сатылған. Тұрғын үй құрылысының қаржыны көп қажет ететіні мәлім. 2019 жылғы жобаларда 1 шаршы метр құны 220 мың теңге болса, 2022 жылға бұл баға 350-400 мың теңгеден асқан. Бұл орайда мамандар оның себебін құрылыс материалдарының жыл санап қымбаттауы, жетіспеушілігі, көп материалдың елімізде өндіріл­меуі­мен байланыстырады. Айта кетелік, Түр­­кістан қаласында 2018 жылы бас­па­налардың, оның ішінде көпқабатты үйлерде 1 және 2 бөлмелі пәтерлердің сатылу бағасы 4-6 млн теңге болса, 2022 жылы 7-10 млн теңге аралығында болды. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сұраныс, пәтерлердің сатылу қарқыны төмен. Бұл өз кезегінде жаңа баспаналардың көптеп пайдалануға берілуіне де байланысты болса керек. Дегенмен құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
«2021-2022 жылдары қала аумағында 19 мердігер мекемеге ескерту жолданып, 154 кемшілік қайта қалпына келтірілді. Соттың шешімімен 5 млн теңгеден аса айыппұл өндіріліп, екі мердігер мекеме жосықсыз деп танылған еді. Жуырда жұмыс тобы құрылыс нысандарын аралап шығып, анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге жұмысты сапалы атқару тапсырылды. Кемшіліктерді түзетуге мерзім белгіленіп, қадағалаушы мен бақылаушы мамандарға ескертілді. Түркістандағы әрбір құрылыс нысаны қатаң бақылауда болады», дейді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыс­тары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғима­рат­тары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түр­кістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-руха­ни орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітап­ханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм уни­верситеті бой көтерді. Құрылыс қар­қыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қостанайға жұмыс сапары барысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Е.Нағаспаев өңірдегі бірқатар өндірістік нысандарды аралады. ​Министр Индустриалды аймақтағы Kia...

Мәртебелі меймандар Қаржы орталығының жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік...