Қалада қазір тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Бозарық шағын ауданында 54 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бүгін қала әкімі М.Әйтенов мегаполистің ауқымды құрылыс алаңына айналған аумақтағы жұмыстарды тексерді.
Бүгінде мердігерлер мұндағы 49 тұрғын үйдің, 9 нысанның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын атқаруда. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 5 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда.
М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, жұмыстарды талаптарға сай орындап, нысандарды мерзімінде қолданысқа беру бойынша тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, Ақжайық шағын ауданындағы 26 тұрғын үйдің құрылысы жоспар бойынша жыл соңына дейін басталатын болады. Жалпы жыл қорытындысымен 3040 пәтерлі 67 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады.
Биылғы жылы тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға 888 пәтер, несиелік бағытта 2037 пәтер берілу көзделіп, оның ішінде қазіргі таңда 902 азамат 5-20-25, 2-10-20 «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша қамтылды.
Айта кететін, биыл Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 2833 пәтер жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша Отбасы банк арқылы тапсырылады.
2023 жылы 8 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберіс алаңы, жертөлесі және қасбеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы баспаналы болды. Оның ішінде, 1047 пәтер "5-20-25" бағдарламасы бойынша, 246 пәтер "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша рәсімделді.
«Бақытты отбасы» бағыты бойынша жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен, бастапқы жарна 10 %-дан кем емес мөлшерде 20 жылға тұрғын үйді сатып алуға несие беру қарастырылған.
Бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар қатыса алады.
Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматқа өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған.